Астананың тазалығы әр тұрғынның жауапкершілігіне байланысты – «Астана Тазалық» басшысы

Астананың тазалығы әр тұрғынның жауапкершілігіне байланысты – «Астана Тазалық» басшысы
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы тазалық деңгейі тұрғындардың экологиялық мәдениетімен тікелей байланысты. Бұл туралы «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, астаналықтардың тазалық мәдениетін төмен деуге болмайды. Дегенмен қоғамдық орындарға қоқыс тастау мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

«Біз бір кезде тәжірибе ретінде бір аумақты қысқа уақыт тазаламай көрдік. Сонда өте аз уақыттың ішінде темекі тұқылы, балмұздақ қағазы, түрлі тұрмыстық қалдық жиналып қалды. Бұл – қаланың тазалығы коммуналдық мекемелердің күнделікті еңбегімен сақталып тұрғанының дәлелі», – деді ол.

«Астана Тазалық» басшысының пікірінше, тазалық мәдениетін қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталуы тиіс. Сондықтан экологиялық жауапкершілікті бала кезден үйретудің маңызы зор.

Сондай-ақ спикер қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.

«Біз «Таза сана – таза қала» деп айтамыз. Мемлекет басшысы да «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Біз де түрлі экологиялық және мәдени іс-шараларға қатысып жүрміз.

Астана – Қазақстанның бет-бейнесі. Мұнда шетелден де, өңірлерден де қонақтар келеді. Сондықтан әр адам өзінен бастап тазалық сақтауы керек. Қоқысты арнайы жерге тастау, қоғамдық орындарды таза ұстау – үлкен мәдениеттің белгісі», – деді Альберт Есалиев.

«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатын толығырақ осы жерден оқи аласыз.