«Алтын адамның» ДНҚ-сы ежелгі дала элитасының құпиясын ашты
Қазақстандағы әйгілі «Алтын адамның» геномдық деректері алғаш рет ежелгі Еуразия даласындағы элитаның әлеуметтік құрылымын зерттеуге мүмкіндік берді. Халықаралық ғалымдар жүргізген жаңа зерттеу скиф дәуіріндегі беделді адамдардың арасында алыс қашықтыққа қарамастан туыстық байланыстар болғанын көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Зерттеу нәтижелері 2026 жылы Science Advances ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар Еуразия даласында өмір сүрген 85 адамның геномын зерттеген. Оның 38-і элита өкілдері болса, 47-сі қарапайым әлеуметтік топтарға жатқызылған. Зерттеуде жаңадан алынған 46 геномдық дерек те пайдаланылған.
Зерттеудің Қазақстан үшін маңызды тұсы – Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адамның» геномдық деректерінің алғаш рет осы ауқымды салыстырмалы зерттеуге енгізілуі.
«Алтын адам» ер адам болған
Генетикалық талдау «Алтын адамның» биологиялық жынысына қатысты бұрынғы ғылыми болжамдарды нақтылауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижесі оның ер адам болуы ықтимал екенін көрсетті.
Алайда ғалымдар үшін «Алтын адамның» кім болғанынан да маңыздырақ жаңалық – оның өмір сүрген дәуіріндегі әлеуметтік құрылымның генетикалық іздері.
Зерттеу барысында элиталық жерлеулерден табылған адамдар бір-бірімен кей жағдайда өте жақын туыстық байланыста болғаны анықталған. Бір қызығы, мұндай байланыстар кейбір жағдайда бір-бірінен 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан қорымдар арасынан да байқалған.
Бұл ежелгі дала қоғамындағы жоғары мәртебенің кездейсоқ берілмегенін, белгілі бір отбасылық және туыстық желілер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқанын көрсетеді.
Билік бір әулеттің қолында болған ба?
Ғалымдардың пікірінше, алынған генетикалық деректер скиф дәуіріндегі элитаның әлеуметтік жүйесі туралы жаңа түсінік қалыптастырады.
Бұған дейін археологиялық деректерден белгілі болған әлеуметтік жіктелу енді ежелгі ДНҚ арқылы да зерттеліп отыр. Элиталық қабірлерден шыққан адамдардың генетикалық жақындығы олардың арасында тұрақты отбасылық немесе әулеттік байланыстар болғанын көрсетеді.
Яғни ежелгі даладағы билік пен жоғары әлеуметтік мәртебе белгілі бір әулеттердің ішінде сақталып, кейінгі ұрпаққа берілуі мүмкін.
Бұл нәтиже скиф қоғамын тек көшпелі тайпалардың жиынтығы ретінде емес, күрделі әлеуметтік және туыстық жүйесі қалыптасқан қоғам ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Әйелдердің мәртебесі де жоғары болған
Зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – элита өкілдерінің арасында әйелдердің үлесі айтарлықтай жоғары болуы.
Ғалымдар зерттеген элиталық топтың шамамен жартысын әйелдер құраған. Бұл ежелгі дала қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік мәртебесі төмен болды деген қарапайым түсінікті қайта қарауға негіз береді.
Зерттеушілер элиталық әйелдердің генетикалық және жерлеу деректері олардың қоғамдағы жоғары мәртебеге ие болғанын көрсететінін атап өтеді.
Сонымен қатар зерттеу материалдарынан қоғамның міндетті түрде тек әке жағынан немесе тек ана жағынан құрылды деген нақты қорытынды жасауға болмайтыны анықталған. Яғни ежелгі даладағы туыстық жүйе бұдан әлдеқайда күрделі болған.
Бұл қазіргі қазақтардың шығу тегін білдіре ме?
Зерттеу Қазақстан тарихы үшін өте маңызды болғанымен, оның нәтижесін қазіргі қазақтардың тікелей генетикалық шығу тегіне қатысты түсіндіруге болмайтынын айтады ғалымдар.
Ғалымдар бұл жұмыста ең алдымен темір дәуіріндегі скиф элитасының генетикалық құрылымын және олардың өзара туыстық байланыстарын зерттеген.
Дегенмен зерттеуге Қазақстан аумағынан табылған «Алтын адамның» геномдық деректерінің енгізілуі Ұлы даладағы ежелгі халықтардың тарихын генетика арқылы зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.
Археологиялық жәдігерлер енді тек заттай дерек ретінде емес, ежелгі адамдардың туыстығы, әлеуметтік мәртебесі және қоғамдағы орны туралы ақпарат беретін генетикалық дерек көзі ретінде де қарастырыла бастады.
Ғалымдар үшін бұл – Еуразия даласындағы өркениеттер тарихын қайта зерделеудегі маңызды қадам.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Ұлы дала көшпенділері жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелгенін айтқан еді.