Елімізде қор нарығын дамытуға арналған жаңа бағдарлама әзірленді
Алматыда Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен және нарық қатысушыларымен бірлесіп әзірленген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтіп, халық үшін инвестициялық құралдардың аясын ұлғайтуға және ішкі жинақтарды экономикаға тиімді бағыттауға арналған.
Агенттік мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстандағы акциялар нарығының капиталдануы екі еседен астам өсіп, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жеткен. Ал борыштық бағалы қағаздар нарығы 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
2030 жылға дейінгі бағдарлама аясында 7 стратегиялық бағыт бойынша 35 бастаманы іске асыру жоспарланып отыр.
Олардың қатарында институционалдық инвесторлардың рөлін күшейту, компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдету, орта бизнес үшін орналастыру шарттарын икемдеу және акциялардың қайталама нарығындағы өтімділікті арттыру бар.
Сонымен бірге қазақстандық бағалы қағаздарды халықаралық есеп айырысу және сақтау жүйелеріне қосу, корпоративтік басқару сапасын арттыру және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру көзделген.
Бағдарламамен қатар «Капитал нарығы туралы» жаңа заң әзірленіп жатыр. Құжат бағалы қағаздар нарығын реттеудің қолданыстағы нормаларын жүйелеп, капитал нарығының жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталмақ.

Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл бастамалар қор нарығын банктік кредиттеумен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі көздерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы жаңа инвестициялар еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керектігін айтқан болатын.