Жаңа инвестициялар еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек - Тоқаев
Мемлекет басшысы бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек.
Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті.
Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі.
Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек.
Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, Qarmet. Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр.
Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс», - деді Президент.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, әлемде банктермен қатар сақтандыру және құнды қағаздар нарығы ұзақ мерзімді капиталдың көзі саналатынын айтты.
Отандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мардымсыз – 5 пайыз ғана. Мұндай жағдайды місе тұтуға болмайды.
Әңгіме цифрлық технологияларды пайдалану арқылы сақтандыру өнімдерінің түрін көбейтіп, олардың қолжетімділігін арттыру жөнінде болып отыр. Сақтандыру нарығын мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің ықтимал тәуекелдерге ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт ретінде қарастырған жөн.
Мұндай тәсілге көшу үшін дамыған елдердің үлгісіне сай міндетті сақтандыру түрлерін көбейту қажет. Банктер мен сақтандыру компаниялары ұзақ мерзімді қор жинауды күшейтсе, бұл құнды қағаздар нарығының дамуына тың серпін береді.
Құнды қағаздардың дамыған нарығы – макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Ал оның ауқымы инвесторлардың сенім деңгейі қандай екенін білдіреді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Оны тиімді іске асыру үшін сақтандыру және құнды қағаздар туралы жаңа заңдар қабылдау қажет деп санаймын», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін бүгін Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетіні туралы хабарладық.