Елорданың ең биік ғимараты Abu Dhabi Plaza-да бақылау алаңы ашылуы мүмкін

Бүгін, 16:39
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елорданың ең биік ғимараты Abu Dhabi Plaza-да бақылау алаңы ашылуы мүмкін
Фото: Астана қаласының мәслихаты

Елорда мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына дайындық аясында депутаттар Астананың төрт маңызды нысанын аралады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының мәслихатына сілтеме жасап.

Депутаттар атап айтқанда «Мәңгілік Ел» салтанат аркасы, «Бәйтерек» монументі, «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы сквер және Нұржол бульварындағы жаяу жүргіншілер аллеясында болды.

«Әр нысан бойынша депутаттар өзекті мәселелерді талқылап, бар проблемаларды атап өтіп, қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындады», - делінген хабарламада.

«Бәйтерек» монументі аумағында келушілерге қолайлы жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударылды.  Атап айтқанда, келушілерге арналған мобильді дәретханалар орнату мүмкіндігі, сондай-ақ электрмен жабдықтау, кондиционер жүйесі және жарықтандыруға мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, елордадағы ең биік ғимарат — «Abu Dhabi Plaza» нысанында бақылау алаңын ашу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтылды. Мұндай алаң туристер мен қала тұрғындары үшін Астананың панорамалық көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін тағы бір тартымды орынға айналуы мүмкін.

Сондай-ақ қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қалалық ортаның қолжетімділігін қамтамасыз ету және іргелес аумақтарды абаттандыру мәселелері талқыланды.

Туристік нысан — бұл тек сәулет немесе тарихи ескерткіш қана емес. Бұл адамның бүкіл бағыты: нысанға қаншалықты ыңғайлы жететіні, аумақта еркін қозғала алатыны, демалатын орны және уақытын қаншалықты жайлы өткізетіні.

Айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің барлығы тұрақты комиссия отырысына дайындық барысында ескерілетін болады.

Еске салсақ, Астанада жаңа оқу жылында 9 білім беру нысаны ашылды.