Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі болып тағайындалды

Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі болып тағайындалды
Фото: Көлік министрлігі

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрлан Ермекұлы 1967 жылғы 20 мамырда дүниеге келді. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Саяси экономика» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын кәсіпкерлік құрылымдарда бастады. Одан әрі 1997-2011 жылдары аралығында теміржол және мұнай-газ салаларындағы ұлттық компанияларда жұмыс істеді.

2011 жылдан бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Қорғаныс Министрінің орынбасары (2014-2016), Шымкент қаласының әкімі лауазымдарында еңбек етті (2017-2018).

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды (2019-2021).

Министр лауазымына дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ төрағасы қызметін атқарды.