VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан (эр эңиш) екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды.
Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхамеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Қазақстан құрамасының дүбірлі додадағы алғашқы алтын медальдары.
Аударыспақ – ат үстінде күш пен ептілікті, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорты. Бүгінде елімізде 11,5 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде шұғылданады.
Еске сала кетейік, қазақстандық бес спортшы ашық суда жүзуден әлем чемпионатына қатысады.