Ковент-Гарден жұлдыздары «Аққу көлі» балетінде өнер көрсетеді

Бүгін, 21:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ковент-Гарден жұлдыздары «Аққу көлі» балетінде өнер көрсетеді
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

«Астана Опера» театры Ballet Globe халықаралық би фестивалімен бірлесе отырып, 11-12 қыркүйекте балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін көрермендердің назарына ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спектакль күндері басты партияларды Ковент-Гарден Корольдік балетінің (Ұлыбритания) прима-балеринасы Фуми Канеко мен жетекші премьері Вадим Мунтагиров орындайды деп күтіледі. «Астана Опера» симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді.

«Астана Опера» балет труппасының XIV театр маусымындағы алғашқы өнер көрсетуіне санаулы күн қалды. Биылғы жазда балет әртістері демалыста болды, алайда сонымен бірге әлемдік сахналарда жарқырап та үлгерді. Мәселен театрдың жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Эдинбургтегі Festival Theatre (Шотландия), Лондондағы Sadler's Wells театры (Англия), З.Палиашвили атындағы Тбилиси опера және балет театры (Грузия) сахналарында, Арена ди Верона мен Санта-Маргерита-ди-Пула курортты аймағындағы Forte Arena ашық алаңында (Италия), сондай-ақ Брисбен қаласындағы Квинсленд орындаушылық өнер орталығында, Сидней мемлекеттік театры мен Мельбурндегі Hamer Hall концерт залында (Австралия) табысты өнер көрсетті. Ал жетекші солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Шұғыла Әдепхан отандық балет өнерін Гонконгтегі Үлкен театр (Қытай) сахнасында таныстырды. Солист Сұлтанбек Ғұмар өзінің ассистентері – солистер Айбар Тоқтармен және Жәнібек Ахмедиевпен бірге Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ауқымды халықаралық фестиваліне осымен екінші жыл режиссер хореограф ретінде қатысып келді. Ол жақта С.Ғұмардың қойылымындағы жиырма минуттық прологты балет труппасының әртісі Нима Токов орындады», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта театрға жақсы көңіл күй, шалқар шабытпен оралған труппа талғампаз көрермендердің алдына шығуға жауапкершілікпен дайындалуда. Балет маусымы әйгілі «Аққу көлімен» ашылуы ұжым үшін ғана емес, сондай-ақ қойылымға қатысатын Корольдік балет жұлдыздары үшін де елеулі оқиға болмақ. 

Әлемдік классиканың інжу-маржаны 2017 жылдан бері «Астана Опера» репертуарында Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың хореографиялық редакциясында ұсынылып келеді. Мариус Петипа мен Лев Ивановтың классикалық хореографиялық мұрасын негізге ала отырып, балет труппасының көркемдік жетекшісі труппаның техникалық шеберлігі мен актерлік дарынын барынша аша түскен қойылымды жасады. Ballet Globe халықаралық би фестивалімен серіктестік бұл спектакльдің ауқымын кеңейтіп, оны мәдениеттер диалогының жарқын үлгісіне айналдырып отыр.

«Бұл «Астана Опера» мен Ballet Globe-тің алғашқы бірлескен жобасы емес екенін атап өтуіміз керек. Осыған дейін екіжақты әріптестік аясында елордалық театр сахнасында Ресейдің халық әртісі, Мариинский театрының примасы Диана Вишнева, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мариинский театрының бірінші солисі Константин Зверев пен «Астана Опера» балет труппасы әртістерінің қатысуымен Михаил Фокиннің қойылымындағы Күміс ғасырдың аңызға айналған балеттер кеші өтті. Алда ұсынылатын спектакльдер театрдың халықаралық ынтымақтастығының ауқымын кезекті мәрте паш ететіні сөзсіз», - деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі. 

Спектакль 11 қыркүйекте сағат 19.00-де, 12 қыркүйекте сағат 17.00-де басталады.