Қазақстан ғалымдары 750 мың зарядтау цикліне төзімді энергия жинақтағыш әзірледі
Сәтбаев университетінің ғалымдары энергия жинақтағыштарға арналған жаңа наноматериалдар жасап, оларды гибридті суперконденсатор прототипінде сынақтан өткізді. Құрылғы 750 мыңнан астам зарядтау мен разрядтау цикліне шыдап, жұмыс тұрақтылығын сақтаған. Бұл әзірлемені энергия сақтау жүйесінде, электр көлігінде және жаңартылатын энергия көзіне негізделген энергетика саласында пайдалануға болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Зерттеу «Материалтану және электрохимиялық инженерия» зертханасында жүргізілді. Қазіргі уақытта жобаның жұмысы бағдарламалық қаржыландыру аясында жалғасып келеді.
«Ғалымдар тобы Қазақстанда қолжетімді шикізаттан, яғни күріш қауызы мен қызылшаның сығындысынан көміртекті материалдар жасайды. Олардың меншікті беткі ауданы 3000 м²/г-ға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болған сайын материалдың электролитпен әрекеттесу ауданы да соғұрлым үлкен болады және заряд жинақтау мүмкіндігі де арта түседі», делінген хабарламада.

Алынған материалдарды ғалымдар энергия жинақтағыштардың прототиптерінде сынақтан өткізіп жатыр. Атап айтқанда, команда pouch-cell форматындағы гибридті суперконденсаторды зерттеді. Оның оң электроды энергияны йодид/йод тотығу-тотықсыздану реакциясы нәтижесінде, ал теріс электроды қос электрлік қабаттың түзілуі есебінен жинақтайды. Прототип 1 кВт/кг қуат кезінде 51 Вт·сағ/кг меншікті энергия жинақталатынын көрсетіп, 750 мыңнан астам зарядтау және разрядтау цикліне төтеп бере алды.
– Алынған нәтижелер энергия жинақтағыштардың тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Қазір біз үшін сынақтарды кеңейтіп, материалдардың практикалық қолдануға барынша жақын жағдайлардағы жұмысын бағалау өте маңызды, – деді жоба жетекшісі, PhD Жазира Сұпиева.
Зерттеушілер сондай-ақ әзірленген композиттерді тот баспайтын болатқа арналған функционалдық жабындар ретінде де қолдану үшін сынақтан өткізді. Тәжірибелер олардың коррозияға төзімді екенін көрсетті. Бұл аталмыш технологияның қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жобаға Сәтбаев университетінің магистранттары мен докторанттары қатысып жатыр. Ал зерттеулер Аустрия мен Польшадағы шетелдік серіктестермен бірлесіп жүргізіледі. Жобаның келесі кезеңі сынақтардың ауқымын кеңейту және әзірлемелерді практика жүзінде қолдануға дайындау болмақ. Ғалымдар жаңа наноматериалды суперконденсаторда, аккумулятор жүйесінде, электр көлігінде, күн және жел электр стансаларына арналған энергия жинақтағышта, сондай-ақ тот баспайтын болаттан жасалған бұйымдарға арналған қорғаныш жабында пайдалану жолын қарастырады.
Еске салсақ, жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды.