Астанада прокурорлардың әкімшілік соттағы өкілеттігі түсіндірілді

Астанада прокурорлардың әкімшілік соттағы өкілеттігі түсіндірілді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада прокурорлардың әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысу тәртібі түсіндірілді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Жасұлан Түстікбаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде прокурорлардың негізгі міндеті – жария-құқықтық қатынастар саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Прокурорлар заңда көзделген жағдайларда әкімшілік істерге қорытынды беру үшін қатысады. Бұл ретте олар тараптардың өкілі болып саналмайды және өз ұстанымын іс материалдары мен заң талаптарына сүйене отырып дербес қалыптастырады. Прокурордың қорытындысы сот үшін міндетті емес.

Прокурорлар қатысатын істердің негізгі санаттарына:

– салық қатынастары – салықтық тексеру, камералдық бақылау және ҚҚС мәселелері;

– кеден қатынастары – кеден органдарының шешімдері мен төлемдеріне қатысты даулар;

– бюджет саласы – мемлекеттік сатып алуға байланысты даулар;

– қоршаған ортаны қорғау – экологиялық органдардың нұсқамалары мен шешімдеріне шағымдар;

– табиғи ресурстарды пайдалану – табиғи ресурстарды пайдалану құқығына қатысты даулар;

– атқарушылық іс жүргізу – мемлекеттік сот орындаушыларының әрекеті немесе әрекетсіздігіне шағымдар жатады.

Сонымен қатар сот прокурордың қатысуын қажет деп тапқан жағдайда, ол өзге де әкімшілік істерге қатыса алады.

Прокуратура заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын да қадағалайды. Ал заңды күшіне енбеген сот актісімен келіспеген жағдайда және тиісті негіздер болған кезде прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.

Осылайша, прокурорлардың әкімшілік сот ісін жүргізудегі жұмысы істерге тікелей қатысумен қатар, сот актілерінің заңдылығын қадағалауды да қамтиды.

Бұған дейін Астанада құқық қорғау саласындағы жасанды интеллектке арналған халықаралық курс басталғанын жаздық.