Астанада құқық қорғау саласындағы жасанды интеллектке арналған халықаралық курс басталды
1-4 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектіні жауапты және этикалық пайдалану» тақырыбында халықаралық оқу курсы өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Іс-шара Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің және Германия Федеративтік Республикасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Курстың ашылуында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға сондай-ақ Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Елші Алексей Рогов және Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайке Ренате Пайч қатысты.

Оқытуға Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Академияның өкілдері қатысуда.
«Негізгі назар – жасанды интеллектіні практикалық қолдануға, атап айтқанда цифрлық деректермен жұмыс істеуге, ақпаратты қорғауға, тәуекелдерді бағалауға және алынған нәтижелерді тексеруге аударылды. Заңдылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және шешім қабылдау кезінде адамның бақылауын сақтауға ерекше мән берілді», - делінген хабарламада.
Курс халықаралық тәжірибе мен құқық қорғау органдарының практикалық қызметін ұштастыра отырып, жасанды интеллектіні жауапты қолданудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салсақ, әскери білімге жасанды интеллект пен робототехника енгізіледі.