«Қызылжар – Мойынты» теміржол желісінде басты жолдың түйісуі өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Қызылжар – Мойынты» теміржол желісінде басты жолдың түйісуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір жылдан аз уақыт ішінде құрылысшылар негізгі жолдың шамамен 320 шақырымын салды. Бұл Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі. Құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүріп жатыр және кесте бойынша жалғасуда.

Құрылыс барысында мамандар күрделі технологиялық шешімдерді орындауда. Жол төсеу, оның ішінде көпір құрылыстарында айналма желілер салу арқылы жүргізілді. Жобаның бас мердігері – «Integra Construction KZ» ЖШС.

«Желіні пайдалануға берілген соң жүк және транзиттік тасымалдау мүмкіндіктері артады. Жаңа темір жолы өңірлердің көлік байланысын нығайтады және Қазақстан экономикасының одан әрі дамуына жағдай жасайды», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Жем станциясы вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.