Жұлдыз Сүлейменова соңғы күндері дау туындаған Абай ұлттық мектебіне барды

Жұлдыз Сүлейменова соңғы күндері дау туындаған Абай ұлттық мектебіне барды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрінің м.а. Жұлдыз Сүлейменова Алматыға келіп, Абай ұлттық мектебіне барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Жұлдыз Сүлейменова алдымен мектеп түлектерімен кездескен.

«Олардың арасында журналистер, айтыскерлер мен белгілі қоғам қайраткерлері болды. Кездесу ашық сұрақ-жауап форматында өтті. Түлектер соңғы күндері әлеуметтік желіде мектепке қатысты көтерілген барлық сауалды тікелей қойды. Аудит қорытындысы, мектеп басшылығындағы өзгерістер және оқу процесінің қазіргі жағдайы сөз болды. Жұлдыз Сүлейменова әрбір сауалды ашық әрі толық талқылады», делінген хабарламада..

Бұдан кейін мектеп педагогтерімен кездесу өтті. Ұжым мүшелері оқу процесін ұйымдастыру, мектептің күнделікті жұмысы және өздерін толғандырған ішкі мәселелер бойынша сұрақтарын қойды.

Кездесулерден кейін Жұлдыз Сүлейменова мектеп ғимараты мен жатақхананы аралап, балалардың оқуына және тұруына жасалған жағдаймен танысты.

«Бүгінде Абай ұлттық мектебі штаттық режимде жұмыс істеп, оқу процесі қалыпты жалғасуда», делінген хабарламада.