Хангелді Совет: Зиянды әдеттерден аулақ болу – әр жастың өз қолында

Хангелді Совет: Зиянды әдеттерден аулақ болу – әр жастың өз қолында
Фото: Қанат Байұзақов

Грек-рим күресінен Астана қаласының спортшысы Хангелді Совет Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жастар арасында алкогольдің алдын алуда спорттың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасөспірімнің бос уақытының көп болуы және қоршаған ортасы зиянды әдеттерге әуестенуіне әсер етуі мүмкін.

- Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?

- Менің ойымша, жастардың алкогольге әуестенуінің басты себебінің бірі – бос уақыттың көп болуы. Бала кезінен жасөспірімнің оқуын немесе спортын толыққанды алып жүруі маңызды.

Жастарда қызығушылық көп болады. Кейде «бірінші рет көргеннен ештеңе болмайды» деген ой қалыптасады. Сонымен қатар адамның қоршаған ортасы да оған үлкен әсер етеді. «Егер сенің ортаңдағы бес адамның бесеуі де ішімдік ішетін болса, алтыншысы сен боласың. Ал ортаңда бизнесмендер болса, сен де бизнеске қызығуың мүмкін» деген сөз бар. Сондықтан адамның кімдермен араласатыны өте маңызды.

- Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?

-  Менің ойымша, алкогольді тұрақты тұтыну адамда тәуелділік қалыптастыруы мүмкін. Ал оның соңы жақсы болмайды.
Спортшы үшін алкогольден бас тарту өте маңызды. Себебі, спорт жоғары тәртіпті, тұрақты дайындықты және өзіңе деген жауапкершілікті талап етеді. Ал зиянды әдеттер осының бәріне кері әсер етеді.

- Спортпен айналысу зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?

- Егер адам шын ниеттенсе, алкогольден бас тарта алады. Бұл ретте спорттың көмегі көп. Спортпен айналысу арқылы адамның ой-өрісі өзгереді, өмірге жаңа қырынан қарай бастайды. Спорттық орта қалыптасып, айналасында спортпен айналысатын адамдар көбейеді. Соның арқасында бос уақытын пайдалы іске жұмсайды және зиянды әдеттерге қызығатын уақыт та, мүмкіндік те азаяды.

- Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?

- Салауатты өмір салтын насихаттау жұмысына спортшылар белсенді түрде қатысуы керек деп ойлаймын. Өйткені спортшылар - қазіргі жастардың үлгі тұтатын тұлғалары. Қазақстанда беделі жоғары спортшылар өте көп.

Жақында Астанада Спортшылар кеңесі мен Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен 10 мың қадам жүру іс-шарасы өтті. Оған 11 Олимпиада спортшысы қатысты. Сондықтан жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылардың үлесі зор деп есептеймін. Олар өз өмір салтымен де, жетістіктерімен де жастарға үлгі бола алады.

- Өз тәжірибеңізде спорттың арқасында өмірін жақсы жаққа өзгерткен немесе зиянды әдеттерден алыс жүрген жастарды кездестірдіңіз бе?

- Әрине. Сондай жастардың арасында өмір сүріп жүрмін. Мен «Дала қырандары» атты ұйымдамын. Бұл ұйымның жастары спортты насихаттап, алкоголь мен есірткіге қарсы жұмыстар жүргізіп келеді. Өз елінің нағыз жанашырлары деуге болады.

Бұл жастардан құралған ұйым. Оның мүшелері спортпен айналысып, патриоттық сезімді қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып жүр. Осындай белсенді жастарымыз Қазақстанның барлық өңірінде бар деп ойлаймын.

- Егер бір жасөспірім сізден «Неліктен алкогольден бас тарту керек?» деп сұраса, оған ең басты қандай кеңес берер едіңіз?

- «Ішпеген – ұтылмайды, ұтылған – қайта тұрмайды» дер едім. Егер өз болашағыңа балта шапқың келмесе, зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Әсіресе жасөспірім кезде қабылданған шешімдердің болашаққа әсері болуы мүмкін.

Мен оған өмірдегі нақты мысалдар арқылы түсіндірер едім. Спортпен айналысып, өзіңе мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге ұмтылған әлдеқайда дұрыс. Денсаулық пен болашақ – адамның өз қолында.