Аида Балаева: Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды

Аида Балаева: Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды
Фото: Конституциялық сот

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Конституциялық сотқа сілтеме жасап.

Аида Балаеваның айтуынша, әлеуметтік желіде білім беру мен денсаулық сақтаудағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікір тараған.

«Біріншіден, әлеуметтік желіде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтаудағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікір таратылуда. Алайда жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен бірінші бабында әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі айқын жазылған. Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды. Мына нәрсені айқын түсінуіміз керек «тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ «азаматтар ақы төлемей, заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Яғни азаматтардың ақысыз көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Расында, аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ. Олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген кез келген пайымның ешқандай негізі жоқ. Осы орайда құжаттың 32, 33-баптарында азаматтарымыз үшін ақысыз негізде медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтарының бекітілуі шын мәнінде жоғарыда аталған адами капиталды дамыту негізі екені сөзсіз. Сонымен бірге бұл баптардың 3-тармағында көрсетілген ақылы көмек алу құқығы да азаматтардың денсаулығын сақтаудағы мүмкіндіктерін арттыратын маңызды норма», – деді ол.

Аида Балаева ұсынылып отырған құқықтық тұжырым орынды деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ мазмұнды тұрғыда нақтылау қажеттігін атап өтті.

«Десе де осы баптарға қатысты кейбір ұғымдарды мазмұнды тұрғыда нақтылау қажет. Мәселен, 33-баптың 1-тармағында «бастауыш және орта білім» деген тіркесті «орта мектеп немесе жалпы білім» ұғымымен ауыстыруды ұсынамын. Өйткені құқықтық тұрғыда мектеп қабырғасында алған білім бастауыш емес, тек 9-сынып пен 11-сыныптан кейін ғана құжат түрінде нақтыланады. Сонымен қатар 33-баптың 2-тармағындағы ҚР азаматының заңға сәйкес мемлекеттік оқу орындарында конкурс негізінде жоғары білім алуға құқығы бар деген қағидадан «мемлекеттік» деген сөзді алып тастауды ұсынамын. Себебі бұл Конституцияның бұрынғы жобасынан қалған норма ретінде жоғары оқу білім саласындағы қазіргі заманауи өзгерістерге сай келмейді. Атап айтқанда, біріншіден, бүгінде барлық мемлекеттік оқу орындар коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесінде қызмет атқарады. Сондай-ақ азаматтарымыз ақысыз жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік жоғары оқу орындарында ғана емес, жекеменшік университеттерде де пайдалана алады», – деді ол.

Аида Балаева жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалғанына тоқталды.

«Білімнің зайырлы болуы көпконфессиялы қоғам үшін жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ Конституцияда некенің ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені анық көрсетілген. Бұл тұжырым қоғамдағы отбасы институтының маңызын көрсетеді. Сондықтан мұндай қағидатты орынды деп ойлаймын. Аталған норма отбасы институтының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін күшейтуге негіз болатыны анық», – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Еске салсақ, Грекия парламентінде Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланды.