Грекия Парламентінде Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланды
Афинада Қазақстанның Грекиядағы елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Парламентінің Ұлттық қорғаныс және сыртқы істер жөніндегі Тұрақты комитетінің төрайымы, сондай-ақ Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы Грекия делегациясының басшысы Дора Бакоянниспен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сұхбат барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, ЕКПА және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы шеңберіндегі өзара іс-қимылды, сондай-ақ сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Бұл ретте 2025 жылғы маусымда «Қазақстан-Грекия» парламенттік достық тобы делегациясының Астанаға жасаған сапарының қорытындыларына да назар аударылды.
Қазақстан елшісі елде жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформалар туралы ақпарат берді. Аталған реформалар мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді әрі ашық жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Олардың қатарында бір палаталы парламентке көшу, вице-президент институтын енгізу, сондай-ақ заң үстемдігін дәйекті түрде нығайту және азаматтардың іргелі құқықтарын қорғауды күшейту бар екені аталып өтті. Сонымен бірге Қазақстанның өзара сенім мен түсіністікті арттырудың, сондай-ақ шетелдік серіктестермен сындарлы диалогты ілгерілетудің маңызды құралы ретінде парламенттік дипломатияны дамытуға айрықша мән беретіні айтылды.
Өз кезегінде Д.Бакояннис Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістермен қызығушылықпен танысты және парламенттік қызмет пен институционалдық реформалар мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ЕКПА мен ЕҚЫҰ ПА алаңдарын қоса алғанда, халықаралық парламенттік платформаларда іс-қимылды үйлестіруді жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Грекия арасындағы саяси және гуманитарлық диалогты дамытуға бағытталған өзара сапарлар мен тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдемдесуге ниетті екендерін растады.