Ролан Гаррос турнирі: Қазақстандық теннисшілер финалға жолдама алды

8 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ролан Гаррос турнирі: Қазақстандық теннисшілер финалға жолдама алды
Фото: ktf.kz

Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park корттарында Батыс және Орталық Азия бойынша Ролан Гаррос іріктеу турнирінің финалына шыққандар белгілі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қыздар арасында бірінші жартылай финалда Еркежан Жаңатаева түрікменстандық Илима Гусейновамен кездесті. Бірінші партияда қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Екінші сетте Гусейнова 3:0 есебімен алға шыққанымен, Жаңатаева таразы басын теңестіріп қана қоймай, матчты жеңіспен тәмамдай алды – 6:3.

Екінші жартылай финалда қазақстандықтар Алиса Королёва мен Әдия Омарбек арасындағы матч аса тартысты өтті. Бірінші партия 7:6 (7:3) есебімен Алисаның пайдасына шешілді. Дегенмен бұдан кейін Әдия камбэк жасай білді – 6:3, 6:1.

Осылайша, финалда Еркежан Жаңатаева мен Әдия Омарбек шеберлік байқасады. Шешуші ойын нәтижесіне қарамастан, қос теннисші де Жапонияда өтетін Ролан Гарростың қорытынды іріктеу сайысына жолдама алды.