Елордада Astana Triathlon half ірі турнирі өтеді

11 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада Astana Triathlon half ірі турнирі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астананың Орталық саябағында 13 шілде күні ауқымды спорттық шара – ASTANA TRIATHLON half турнирі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Триатлонға қатысушылар үш кезеңнен тұратын қашықтықты еңсеруі тиіс: жүзу – 1,9 шақырым, веложарыс – 90 шақырым және жүгіру – 21,1 шақырым.

«Астана қаласының Триатлон федерациясы елорда әкімдігінің қолдауымен ASTANA TRIATHLON half атты ауқымды спорттық іс-шараны ұйымдастырып отыр. Бұл — елордалықтар мен қала қонақтарына арналған, сондай-ақ Қазақстанның өзге өңірлері мен жақын шетелдерден қатысушылар тартылатын жартылай темір адам қашықтығындағы жарыс. Қатысушылардың қауіпсіздігі үшін транзиттік аймақтар мен жедел жәрдем көліктерінің кезекшілігі қарастырылған», – деді Астана триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметов.

Триатлонды танымал ету және дамыту мақсатында жарыс бағдарламасына Age Group санатындағы спортшылар арасындағы старттар да енгізілген. Олар HALF (половинка) қашықтығында бақ сынайды: 1,9 км жүзу, 90 км велоэтап және 21,1 км жүгіру. Age Group санатына кіретін ерлер мен әйелдер келесі жас топтары бойынша сынға түседі: 18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас және 60 жастан жоғары. Сонымен қатар ерлер, әйелдер және аралас құрамдағы эстафеталық командалар да жарыс жолына шығады.

Жас ерекшелігі мен жынысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталады.

Қосымша ақпарат Астана триатлон федерациясының ресми парақшасында – @astana_triathlon қолжетімді.