«Білгіштер көбейді»: Психолог ұл баланың сирек туу себебін түсіндірді


Психолог және космоэнергетика маманы Ләззат Нұрлыбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қыз баланың жиі дүниеге келу себебін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Психологтың сөзінше, қыздың көп болуы тек қана генетикалық емес энергия мен сана деңгейіне байланысты болуы мүмкін.
«Қазақ ұлды қашаннан бері биік қойған ғой. Оны «Өмірімнің жалғасы», «Шаңырақтың иесі» деп атаған. Кез келген қазақ отбасы ұлды аңсайды, күтеді. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, үйдегі ер адам, яғни әкесі қыздың қадіріне жете бермеген. Алла Тағала әдейі қызды көбірек береді. Ол қыздың қадіріне жетсін деген белгі. Екіншіден, егер отанасы өте іші тар, қызғаншақ адам болса, ондай әйелдер ұлды сирек туады», – дейді Ләззат Нұрлыбек.
Бұл пікір желі қолданушыларының арасында қызу талқыланып жатыр.
«Жоқ, неге қыз баланы бір Алланың сынағы, бір кінә үшін береді деп ойлаймыз?», «Өте төмен әңгіме» ,«Қыз деген сонда жаза ма?», «Психологпын деп аузыңызға келгенді айта бермеңіз», «Демек, сіздің анаңыздың іші тар, ал әкеңіз дөрекі болып тұр ғой», «Білгіштер көбейді», «Қыз туған әйелді кемсітіп тұр»- деп жазуда олар.
Сара Қамзаева



