Елордада түйеқұсты жарнамаға пайдаланған: полиция түсініктеме берді


Елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірі көпшілік назарын аударту мақсатында жарнамаға түйеқұсты пайдаланған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кәсіпкер түйеқұсты мекеменің кіреберісіне орналастырған.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған жағдай бойынша жануарға қатыгездік көрсету фактісі тіркелмеген.
«Бұл құс жарнамалық мақсатта мекемеге жеткізілген. Мекеме иесімен жануарларға қатыгездік көрсетуге жол бермеу және оларды тиісті талаптар мен нормалар сақталмаған жағдайда пайдалануға болмайтыны жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді»,- делінген полиция хабарламасында.
Бүгінде түйеқұстың Сарыағаш қаласынан сатып алынғаны және қазіргі уақытта Қоянды ауылындағы фермаға жеткізілгені анықталды.
Полиция жануарларға қатыгездікпен қарау, сондай-ақ осындай әрекеттерді бейнелейтін видеоматериалдарды таратуға болмайтынын және бұл заңдық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.



