Елордада мүгедіктігі бар жасөспірім топтық зорлыққа ұшыраған

8 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада мүгедіктігі бар жасөспірім топтық зорлыққа ұшыраған
фото: freepik.com

Әлеуметтік желілерде елорда тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар жасөспірімнің анасының бейнеүндеуі тарады. Әйел ұлына бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жәбірленушінің анасының сөзінше, бала онлайн ойын арқылы күдіктілермен танысқан. Олардың бірі өзің «құрдаспыз» деп таныстырып, жасөспірімді үйіне шақырған. Кейіннен ол зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

«Ұлымның жағдайы өте ауыр, қазір депрессиялық күйде. Болған жағдайға қатысты оған эпилепсия диагнозы қойылды. Ал мен инсульт алдым»,- дейді жәбірленушінің анасы.

Оның сөзінше, ұлы бала кезінен мүгедек және болған жағдай оның денсаулығына қатты әсер еткен.

Астана қаласы Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу фактісін растады.

«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы негізінде сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі. Іс шеңберінде бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады. Барлық тергеу әрекеттері қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып жүргізіледі», - деп жауап берді полиция редакция сауалына.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.