Балқашта соққыға жығылған 8 жасар баланың ісі бойынша тың деректер жарияланды

6 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Балқашта соққыға жығылған 8 жасар баланың ісі бойынша тың деректер жарияланды
фото: threads.com/@madyssun.1

Балқашта 8 жастағы баланы соққыға жыққан ер адам өз нұсқасын айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін желіде Балқашта ер адамның 8 жасар баланы аяусыз соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Threads-те жәбірленуші баланың анасы Мадина Маратқызы жазды.

Ол баласын соққыға жыққан ер адамды бұрынғы күйеуінің әпкесінің жұбайы және «Қазақмыс»-тың Балқаш қаласындағы кәсіпорнының қызметкері екенін айтқан.

Ал осы іс бойынша айыпталған ер адам «За нами уже выехали» Telegram арнасына оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді. Ер адамның айтуынша, сол күні оның қызы мен 8 жасар бала бір үйде болған.

«Ол қызымның үстінде дәл ересек адамдар сияқты жатты. Мен жүгіріп барып «Не істеп жатырсың?» дедім. Қызымды қарап жатқанда, ол тұрып, тез киініп үлгерді. Сол сәттен кейін не істегенімді білмеймін. Кейін әйелім келді, оған телефон соғып үлгердім», – дейді ол.  

Белгілі болғандай, ер адам «ұят болады» деген себеппен болған оқиға туралы полицияға арыз жазбаған. Оның айтуынша, тіпті қызын дәрігерге көрсеткенде де, әткеншектен құлап жарақат алды деп жалған айтқан. Алайда, оқиға көпшілікке белгілі болған соң, ол өз нұсқасын жариялауды дұрыс деп санаған.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ер адам ұсталған.