Қазақстан азаматы зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен Ресейден экстрадицияланды


Бас прокуратура кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаскүнем 2024 жылдың қарашасында Қостанай облысында ата-анасымен достық қарым-қатынастағы жасөспірімнің пәтеріне келген.
Жәбірленушімен екеуі жалғыз қалғанда, оның жасы мен психикалық ауруы туралы біле тұра, ер адам оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған.
«Осы қылмысты жасағаннан кейін күдікті Қазақстан аумағынан шығып кетіп, осыған байланысты халықаралық іздестіруге жарияланды. Өткен жылы ол Ресей Федерациясының Челябі облысында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды»,- делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған іс-әрекеті үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.