Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 229 шетел азаматы анықталды


5-7 тамыз аралығында елордада «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Рейдті өткізу үшін көші-қон қызметі, криминалдық полиция, учаскелік инспекторлар және жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топтар құрылып, күшейтілген режимде жұмыс жүргізілді.
«Үш күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 276 дерегі анықталды. Оның 229-ы – шетел азаматтарының Қазақстанда болу тәртібі мен мерзімін бұзуы.
Сонымен қатар көші-қон режимін бұзып жүрген тұлғаларға тұрғын жай бергені және уәкілетті органдарға келген шетелдіктер туралы дер кезінде хабарламағаны үшін 35 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
12 жұмыс беруші қажетті рәсімдер мен рұқсаттарды сақтамастан шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен 40 шетел азаматы Қазақстан Республикасынан шығарылды, оның ішінде 7-еуі – мәжбүрлі түрде.
Полиция ескертеді: Қазақстан аумағында жүрген барлық тұлғалар көші-қон талаптарын сақтауы тиіс. Шетел азаматтарына тұрғынжай беретін немесе жұмысқа тартатын азаматтармен ұйымдар да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауап береді.
Көші-қон бақылауы тек құқық бұзушылықтарды анықтауға емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жалғасын табатын болады.



