Астанада биыл 2 мыңнан астам адам жол апатынан соң қашып кеткен (ВИДЕО)

2025 жылдың басынан бері жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен 2 200-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық материалдар сотқа жолданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқықбұзушылықтар үшін көлік жүргізу құқығынан бір жылға дейін айыру, 100 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз жүргізуші Алматы және Ақмешіт көшелерінің қиылысында Hyundai Santa Fe және Mercedes-Benz маркалы екі автокөлікпен соқтығысып, өз көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жүргізушінің тұлғасын анықтау үшін іздеу тобының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізіп, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды сараптады.
Нәтижесінде 22 жастағы, көлік жүргізу құқығы жоқ қала тұрғыны анықталды. Ол Hyundai Elantra көлігін тізгіндеген және дәл осы жол апатына қатысы бар болып шықты. Сот шешімімен құқықбұзушы 30 тәулікке қамауға алынды, - делінген хабарламада.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ПД басшылығының тұрақты бақылауында. Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды еске салады. Барлық құқықбұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады.



