Ақмола облысындағы Көбейтұз көлін полиция қайта бақылауға алды


Ақмола облысындағы ерекше түсімен танымал Көбейтұз көлі соңғы жылдары танымалдылыққа ие болды. Алайда әлеуметтік желіде көлге келушілер тұз бен балшықты өздерімен әкетіп жатқаны туралы жазып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еске сала кетейік, карантин кезеңінде де Көбейтұз көліне келушілер тұз бен балшықты емдік мақсатта алып кеткен еді.
Осыған қатысты Elordainfo.kz тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментіне сауал жолдады. Белгілі болғандай, жергілікті полиция көл аумағын қайтадан бақылауға кіріскен.
«Ерейментау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдайлар бөлімінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізеді.Тәртіп сақшыларының негізгі міндеті - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар көл экожүйесінің зақымдануына жол бермеу»,- деп жазылған жауапта.
Рейд барысында полицейлер азаматтарды табиғи мұраға ұқыпты қарауға, су қоймасының түбінен тұз шөгінділерін қазбауға және қауіпсіз демалу ережелерін сақтауға шақырады.
«Келушілерге ыңғайлы болу үшін көл аумағында тәртіп ережелері мен қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалары бар ақпараттық тақтайшалар орнатылған»,- деп жауап берді Ақмола облысының Полиция департаменті.



