«Әкеден мирас болған кәсіп»: Астананы жылумен қамтуға атсалысып келе жатқан әулет


Елордалық Темірхановтар отбасы 16 жылдан бері Астананы жылумен қамту саласында еңбек етіп келеді. Атадан балаға мұра болған кәсіптен нәсіп тапқан отбасы мүшелері ең бастысы еңбекқорлық екенін айтады. Elordainfo.kz тілшісі берекесі мен бірлігі жарасқан үлкен әулетпен әңгімелесіп қайтты.
Отбасының тірегі Сейілхан Темірханұлы «Астана-Теплотранзит» АҚ-да жылу желілеріне қызмет көрсету бойынша бесінші разрядты слесарь болып қызмет атқарады.
«Мен Қостанай облысы Жітіқара қаласында дүниеге келдім. Экскаваторшы-бульдозерист мамандығына оқыдым. Кезінде әкеммен бірге құрылыс саласында жұмыс істедім. «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға 2020 жылы жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері жылу желілерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп келемін», - дейді Сейілхан Темірханұлы.
Ол кәсібін ерекше сүйетінін айтты, сондай-ақ елорданы жылумен қамту үлкен жауапкершілік пен еңбекқорлықты қатар талап ететінін тілге тиек етті.
«Осы салада жұмыс істеймін деген адам еңбекқор, ұқыпты және жауапкершілігі мол болуы керек. Менің екі ұлым бар. Үлкен ұлым өзіммен бірге осы кәсіпорында жұмыс істейді. Ал кенже балам құрылыс саласын таңдады», - дейді Сейілхан Темірханұлы.
32 жастағы Нұрсұлтан Темірханов – «Астана-Теплотранзит»АҚ-да жылу желілерін пайдалану қызметінің басшысы. Ол Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, 2014 жылы «Жылу энергетикасы» мамандығын тәмамдаған.
«Университетті бітірген соң, бірден «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға өндіріс-жөндеу қызметіне слесарь болып жұмысқа орналастым. Кәсіпорында өзімнің қабілетімді көрсеткен соң, мені Қарағанды және Павлодар қалаларына дефектоскопист ретінде оқуға жіберді. 2016 жылы мен өндірістік қызметке инженер болып ауыстым. Жақсы нәтиже көрсетіп, жылу желілерін пайдалану қызметі учаскесінің бастығы лауазымына ауыстым. 2022 жылы «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарының жылу желілерін пайдалану қызметі бастығының орынбасары болып тағайындалдым. 2024 жылы маған «Есіл» және «Нұра» аудандары бойынша пайдалану қызметінің бастығы міндеті жүктелді», - дейді Нұрсұлтан Темірханов.
11 жылдық еңбек өтілі бар Нұрсұлтан Темірхановтың мамандық таңдауына әкесі себепші болған.
«Мен оқуға түсетін кезде әкеммен ақылдастым. Әкемнің «қай жерде кім болып жұмыс істесең де, елге пайдаң тиюі керек» деп айтқан сөзі әлі есімде. Шынымен де, осы кәсіпорында жұмыс істеу арқылы қоғамға үлесім тиіп жатқанын сезінемін. Себебі біз әр үйдің жылы болып, онда ыстық судың үздіксіз келіп тұруын қамтамасыз етеміз», - дейді ол.
Темірхановтар отбасының бұл саладағы жалпы еңбек өтілі – 16 жыл. Әкелі-балалы Темірхановтар бір кәсіпорында еңбек ету одан әрі жақындата түсетінін айтады.
«Әкеммен бірге бір кәсіпорында жұмыс істеу өте қызық. Отбасында сенің қалай жұмыс істейтінінді, жұмыста қандай жағдайлар болатынын білетін адам болған жақсы. Әкеммен бірге әрқашан тапсырмалар мен өзгерістерді талқылап отырамыз. Бір кәсіпорында жұмыс істеу екеуімізді одан сайын жақындастырады», - дейді ол.
Бүгінде Нұрсұлтанның екі ұлы бар. Олар да кәсіпорынға барып тұрады. Осылайша атасы мен әкесінің жұмыс орнын көріп, техниканың қалай жұмыс істейтінін және жалпы үйге жылу қалай келетінін біледі.



