Жеке тұлғаның дербестігіне берілетін кепілдіктер күшейтілді

Жеке тұлғаның дербестігіне берілетін кепілдіктер күшейтілді
Фото: Әділет министрлігі

ҚР ӘМ Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары Диас Шәріпбай Конституция жобасының «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталатын екінші бөлімін әзірлеу барысында басты назар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге аударылғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, бұл бағытта жалпыға танылған халықаралық актілердің талаптары барынша ескерілді.

«Адам мен азаматтың негізгі құқықтарының барлық санаттары жаңартылды. Олар – жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар.

Өмір сүру құқығы ажырамас әрі абсолютті құқық ретінде танылды. Ал адамның ар-намысы енді оның қадір-қасиетімен қатар қол сұғылмайтын құндылық ретінде қорғалады.

Жеке тұлғаның дербестігіне берілетін кепілдіктер күшейтілді. Әсіресе цифрлық дәуір жағдайында дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше мән берілді, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану кезіндегі адам құқықтарын қорғау нормалары нақты айқындалды», – деді ол.

Сонымен қатар ол «Миранда» қағидаты мен кінәсіздік презумпциясы дербес конституциялық қағидаттар ретінде бекітілгенін атап өтті.

«Мемлекет - денсаулық сақтау, білім беру және еңбек салаларындағы әлеуметтік құқықтардың негізгі кепілі ретінде айқындалды.

Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау мақсатында жаңа Конституцияның 30-бабында неке мен отбасының маңызы түбегейлі күшейтілді.

Жалпы алғанда, осы бөлімнің негізгі өзегі – «адамға бағдарланған көзқарас» пен құқықтық айқындық қағидаттары болып табылады.

Осылайша қоғам, мемлекет және жеке тұлға мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етіледі», – деді Диас Шәріпбай.

Бұған дейін Диас Шәріпбайдың Конституция жобасы әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағыттың бірізділігін дәлелдейтінін айтқанын жаздық.