Конституция жобасы әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағыттың бірізділігін дәлелдейді – Д. Шәріпбай
«Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын бірінші бөлімде мемлекеттің құрылымын айқындайтын түбегейлі қағидаттар көрініс тапқан. Бұл туралы ҚР ӘМ Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары Диас Шәріпбай Әділет министрлігінде өткен Конституцияның жаңа редакциясы жобасын талқылауға арналған Қоғамдық кеңес отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бірінші бапта Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты белгіленген. Ал мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Екінші бап аясында Қазақстандағы басқару үлгісі – президенттік республика деп нақты көрсетілген. Бұл бап мемлекет құрылымының негіздерін аша отырып, Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызады», – деді Диас Шәріпбай.
Сонымен қатар ол үшінші бапта Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары түбегейлі қайта қаралып, едәуір кеңейтілгенін атап өтті.
«Бұл қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде айқындалуда. Олардың әрқайсысы қоғам сұранысын білдіреді және Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағыттың бірізділігін дәлелдейді.
4-бап аясында халық билігінің өзгермейтін принципін дамыту шеңберінде Қазақстан халқы тек мемлекеттік биліктің емес, сонымен бірге Егемендіктің де бірден-бір иесі ретінде бекітілген.
Осыған сәйкес «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» ұғымымен алмастырылды», – деді ол.
Оның айтуынша, бесінші бапта Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы құқыққа қатысты конституциялық нормалар нақтыланды.
«Елдің жекелеген аумақтарында қаржы саласында арнайы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимін енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндағы басты мақсат – экономикалық дамуды жеделдету.
Жетінші бапта діннің мемлекеттен бөлек екендігі тікелей бекітілген. Бұл зайырлы мемлекет қағидаттарын және азаматтардың діни сеніміне қарамастан теңдігін айқындайды», – деді Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары.
Бұған дейін мәслихат депутаты Астанадағы спорт мектебінде Конституция жобасына арналған жиын өткізгенін жаздық.