Қазақстан Конституциясының жобасы ЕҚЫҰ бюросында таныстырылды
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Мария Телалианның шақыруымен ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Сайлауды байқау жөніндегі үйлестірушілер жиынының жұмысына қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Варшава қаласындағы ЕҚЫҰ ДИАҚБ бас кеңсесінде өтіп жатқан жоғары деңгейдегі форумға Еуропаның 33 елінен және АҚШ пен Канаданың өкілдері жиналды. Делегациялардың құрамында орталық сайлау органдарының, сыртқы саяси ведомстволардың, сараптамалық қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері бар.
Күн тәртібіне сайлауды байқау миссияларын қалыптастыру, оларды даярлау, қызметін ұйымдастыру және ресми органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қойылды.
Іссапар бағдарламасы аясында Мұхтар Ерман ЕҚЫҰ ДИАҚБ директоры Мария Телалианмен кездесті. Мүдделі әрі мазмұнды диалог барысында ОСК төрағасының орынбасары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформа аясында елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы өзекті ақпаратты ұсынды. Сұхбаттасушыға саяси трансформацияның негізгі аспектілері таныстырылды. Өкілдік билік органдарындағы алдағы өзгерістерге, бір палаталы Құрылтайдың құрылуы, оның депутаттарының партиялық тізімдер бойынша сайлануы, вице-президент лауазымының енгізілуі, сондай-ақ заң шығарушылық бастама құқығына ие Халық кеңесінің құрылуына арнайы назар аударылды. Мария Телалиан маңызды ақпарат үшін алғысын білдіріп, алдағы жалпыұлттық референдумға ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқау миссиясын жіберу мәселесін талқылауға дайын екендігін жеткізді.

Варшавадағы іссапар бағдарламасы аясында Мұхтар Ерманның Польша Республикасының Ұлттық сайлау бюросының басшысы Пафаль Ткачпен кездесуі өтті. Сұхбаттасушылар сайлау органдарының қазіргі қызметі туралы ақпаратпен бөлісті, ынтымақтастық перспективаларын талқылады, оның ішінде жастардың белсенділігін арттыру және сайлау комиссиялары мүшелерін жүйелі оқыту мәселелері бойынша бірқатар басымдықтардың ұқсастығын атап өтті. Сайлауда цифрлық технологияларды пайдалану мәселесі жекелей қаралды. Польшалық әріптестер киберқауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі мен сайлаушылардың жеке деректерін қорғау басты мәселе екенін ерекше атап өтті, сондай-ақ жалған ақпараттың заңсыз таралуының күшею үрдісіне назар аударды.

Қазіргі таңда Польшада дауыс беру қағаз бюллетендері арқылы жүргізіліп, азаматтардың ерік білдіруінің қорытындылары қолмен есептеледі.
ҚР ОСК басшысының орынбасары Польша Ұлттық сайлау бюросының басшылығына Қазақстандағы алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттарын таныстырып, жоспарланған референдумға ауызша алдын ала шақыруды жеткізді.
Тараптар өзара кәсіби байланыстарды жалғастыру туралы келісті.
Бұған дейін Астанада қаламгерлер Конституция жобасын талқылағанын жаздық.