Тоқаев: Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы сенімді серіктесі
Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары жерлердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Халықтарымызды Ұлы Жібек жолынан бастау алған тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық жалғап келеді. Біздің құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен тілегіміз ортақ, мұратымыз бір. Үкіметтеріміз бен іскерлік орта деңгейінде сындарлы саяси диалог, орнықты экономикалық қатынастар қалыптасып, жүйелі түрде нығаюда. Бүгін қадірлі Премьер-министр мырзамен тарихи құжатқа – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойдық. Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады. Елдеріміз арасындағы достық қатынастарды және өзара тиімді ықпалдастықты тереңдетуге Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф айтарлықтай зор үлес қосты. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көшбасшы деп атады. Оның келешекке бағдарланған салиқалы саясат жүргізуінің арқасында Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделі жылдан жылға артып келеді.
– Былтыр Пәкістан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдің сындарлы әрі жауапты қадамдары аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Пәкістанның экономикалық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамыған, көлік-транзит мүмкіндіктері мол. Пәкістанның ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі, медицина өнімдері халықаралық нарықта кеңінен таралған. Әскери-өнеркәсіптік кешенінің серпінді дамуы әлемдік деңгейде танылған. Достас халықтың түрлі салалардағы әрбір жетістігіне шын жүректен ризамыз, сіздерге әрдайым тілекшіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды.
– Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» (2025-2027 жылдарға арналған) тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында Премьер-министр Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өткен.
– Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу мүмкіндігі зерделенеді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті.
– Агроөнеркәсіп кешенінде өзара алыс-берісті арттыруға және бірлескен өндірістерді ашуға септігін тигізетін маңызды келісімдер жасалды. Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мен Пәкістан компанияларын елімізде тауарлар өндіруге бағытталған кәсіпорындар ашуға шақырдым. Қазіргі уақытта олар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс материалдары өнімдерін өндіруге қызығушылық танытуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қорғаныс өнеркәсібі аясында өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттарын дамытуға келіскенін айтты.
– Кейінгі жылдары қаупсіздік органдары және құқық қорқау құрылымдары арасындағы ықпалдастық қарқынды дамуда. Келіссөз кезінде жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің стратегиялық маңызы атап өтілді. Осы салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Пәкістан исламдық қаржыландыру саласында әлемнің жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталығында еуразиялық кеңістікте халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін «Самұрық-Қазына» қоры және «Fauji Foundation» арасында құрылған «Бірлескен инвестициялық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы, пәкістандық кәсіпкерлерге елімізде қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумына қатысатындарын, жиында екі елдің 250-ден аса компания жетекшілері бас қосып, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылатынын жеткізді.
– Бұл маңызды іс-шара нәтижелері өзара сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарға тың серпін беретініне сенемін. Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселесін талқыладық. Еліміздің жоғары оқу орындарының танымалдылығы Пәкістан жастары арасында жылдан жылға артып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент түрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаластық. Исламабад университеттерінде бүгін ашылған «әл-Фараби», «Сәтпаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің ғылым және оқу-ағарту салаларындағы ықпалдастығын нығайтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне мән берді.
– Бүгін біз Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт кешенін салтанатты түрде аштық. Аталған спорт орталығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлері оқытылады. Сондай-ақ шахмат, бокс, аралас жекпе-жек бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Тұрақты түрде мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу бағдарламасын қабылдадық. Бұл қадам қос халықтың бір-бірін жақынырақ тануына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында күш жұмылдыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.
– Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық.
– Бүгін орнатылған стратегиялық серіктестігіміз бен қол жеткізген уағдаластықтарымыз екі елдің игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы берік, баянды болып, болашаққа жалғаса берсін. Менің бауырым, қадірлі Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф мырзаның биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
– Бүгінгі табысты келіссөздер нақты нәтижелерге ұласып, қол қойылған құжаттар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайта отырып, сауда, мәдениет, білім беру және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп есептеймін. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сізге Пәкістан мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі арттыруға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Пәкістан Премьер-министрі.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев пен Шариф стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қойды.