Айсұлу Сүлейменова: Конституция – ел дамуының берік негізі

Бүгін, 11:34
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Айсұлу Сүлейменова: Конституция – ел дамуының берік негізі
Фото: Айсұлу Сүлейменованың жеке мұрағатынан

Конституцияның жаңа редакциясы жобасы – елдің бүгінгі дамуына және болашақтағы бағытына сай әзірленген маңызды құжат. Мұндай пікірді Пара жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айсұлу Сүлейменова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Спортшы ретінде мен бұл бастаманы толық қолдаймын. Өйткені ол қоғамның қазіргі қажеттілігін ескеріп, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған. Жаңа редакцияда мәдениет, білім және ғылым салаларына айрықша мән берілуі – мемлекеттің адам капиталына басымдық беретінін көрсетеді. Бұл бағыттар кез келген елдің тұрақты дамуының негізі болып саналады. Білімді, мәдениеті жоғары, құқықтық сауаты бар қоғам ғана бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады», - деді спортшы.

Айсұлу Сүлейменова Конституцияның жаңа жобасында азаматтардың құқықтары мен заң алдындағы теңдігіне ерекше көңіл бөлінгенін айтты.

«Бұл әрбір қазақстандықтың өз мүмкіндігін толық іске асыруына жол ашып, қоғамдағы әділдік пен сенімді арттырады. Спорт саласында жүрген азамат ретінде мен үшін тең мүмкіндік пен әділдік қағидаттары –  аса маңызды. Жаңа Конституция жобасында мәдени әртүрліліктің бағалануы да ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазақстан – көпұлтты, сантүрлі мәдениетті мемлекет. Әрбір ұлттың тіліне, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қарау халық бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтауға қызмет етеді. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы мен ішкі тұтастығының басты кепілі. Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы жобасы елдің болашағына бағытталған, заман талабына сай әрі қоғам мүддесін көздейтін құжат деп санаймын. Оны қолдау – ортақ жауапкершілік пен саналы таңдаудың көрінісі», - деді Пара жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айсұлу Сүлейменова.

Еске салсақ, жақында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланған болатын.