Сатыбалды Дәулеталин: Конституция жобасында еңбек адамын негізгі құндылық ретінде алға шығарған
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төрағаның айтуынша, жаңа Конституция жобасында кәсіподақтар тұрғысынан қарағанда онда еңбек адамына бетбұрыс бары анық көрінеді. Құжатта кәсіподақтардың әлеуметтік диалогта жылдар бойы көтеріп келген мәселелері ең жоғары деңгейде бекітуге деген талпыныс сезіледі.
«Ең алдымен көзге түсетіні – ұстанымның өзі. Мәтінде абстрактілі мемлекеттен адамды, нақты айтқанда еңбек адамын негізгі құндылық ретінде алға шығару бар. Бұл жай ғана әдемі тұжырым емес. Жалдамалы қызметкерлер үшін бұл табыс, еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғау мен қауіпсіздік сияқты мәселелердің қосалқы емес, конституциялық деңгейдегі басты бағдарға айналуы деген сөз. Конституция барлық заңдар мен шешімдерге негіз болады. Егер сол негізде еңбек адамы басымдық ретінде танылса, бұл бүкіл жүйе үшін өте күшті белгі», деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігіне тоқтала кетті.
«Мемлекет жай ғана процестерді реттеуші емес, лайықты өмір сүруге жағдай жасауға міндетті субъект ретінде көрінеді. Ал жұмысшылар үшін бұл қағаз жүзіндегі емес, нақты әлеуметтік кепілдіктерді талап етуге, қажет болса сот пен қоғамдық институттар арқылы қорғауға мүмкіндік береді.
Қуантатын тағы бір жайт – жоба қазіргі заман талаптарын ескере отырып, құқықтар мен бостандықтарды жаңаша қарастырады. Жеке деректерді қорғау, цифрлық орта, жұмыспен қамтудың жаңа түрлері. Мұның бәрі миллиондаған адамға, әсіресе жастарға және дәстүрлі емес еңбек форматында жұмыс істейтіндерге тікелей қатысты. Конституция еңбектің өзгеріп жатқанын мойындайды және мемлекет бұл өзгерістерді елемеуге емес, ескеруге міндетті екенін көрсетеді», - деді ол.
Сатыбалды Дәулеталин билік пен өкілді институттардың архитектурасын жаңарту да назар аудараруға тұратынын мәлім етті. Оның пайымдауынша, жаңа тетіктер қоғам алдындағы есептілікті күшейтіп, кері байланысты арттырмақ. Бұл жалдамалы қызметкердің мүддесін институционалдық деңгейде қорғауға қосымша мүмкіндік ашады. Осындай жағдайда кәсіподақтар жабық келісімдер арқылы емес, ашық диалог пен шешім қабылдауға қатысу арқылы ықпал ете алады.
«Жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға да негіз қалайды. Әрине, Конституция барлық тетікті егжей тегжейлі жазып бере алмайды. Бірақ ол құндылықтар бағытын айқындайды. Ал бұл жобада сол бағыт анық көрінеді. Әділеттілік, мүмкіндіктер теңдігі, еңбекке құрмет, әлсізді қорғау. Кәсіподақтар үшін бұл еңбек заңнамасын әрі қарай дамытуда сүйенетін берік тірек», - Сатыбалды Дәулеталин.
Төраға жаңа Конституция жобасын қоғамдық келісімді қайта жаңғырту деп қарастырады. Ол жұмысшылардың барлық мәселесін бірден шешіп тастамайды. Бірақ олардың құқықтарын қорғау үшін әлдеқайда мықты әрі заманауи негіз береді.
«Кәсіподақтардың міндеті – осы бағытты жай қолдап қана қоймай, оны нақты мазмұнмен толтыру. Заңдарда, ұжымдық шарттарда, күнделікті тәжірибеде іске асыру. Сонда ғана конституциялық нормалар декларация болып қалмай, еңбек адамдарының мүддесіне қызмет ететін нақты құралға айналады», - деді ол.
Еске салсақ, таяуда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды.