Конституция жобасында балалар спортын дамыту шаралары қарастырылған – елордалық бапкер

Конституция жобасында балалар спортын дамыту шаралары қарастырылған – елордалық бапкер
Фото: Астана әкімдігі

Елордалық №1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көркем гимнастика бөлімінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева жаңа Конституциясы жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қазір елімізде Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы талқыланып жатыр, мен бұл бастаманы қолдаймын. Бапкер ретінде мен үшін балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істеу, олардың әлеуетін ашып, алғашқы спорттық жетістіктеріне жетуіне көмектесу өте маңызды. Көркем гимнастика тәртіпті, төзімділікті және шығармашылық көзқарасты талап етеді. Біз тек спортшыларды емес, жан-жақты дамыған тұлғаларды тәрбиелейміз», – деді Меруерт Төлегенқызы.

Бапкер өз еңбек жолын жас спортшыларды тәрбиелеуге арнап, оларға шеберлік пен спортқа деген сүйіспеншілікті дарытып келеді.

«Заң жобасында балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған шаралар, оның ішінде оқыту, кадр даярлау және жарыстар өткізу мәселелері қарастырылған. Мемлекет болашағы зор спортшыларды анықтауға жағдай жасап отыр. Жас таланттарды қолдау елдің спорттағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, бүкіл спорт саласының ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды», – деді ол.

Бапкер сөз соңында өз шәкірттерінің өсіп, жаңа белестерді бағындырып, Қазақстан спортын одан әрі дамытуға үлес қосып жүргеніне мақтанатынын жеткізді.

Бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың экологиялық ағарту мен табиғатты қорғау қағидаттары жаңа Конституцияда нақты бекітілгенін айтқанын жаздық.