«Заң және тәртіп»: Астанада қаржылық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

«Заң және тәртіп»: Астанада қаржылық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Фото: Олжас Сүлейменов

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалык тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова №26 «Үміт» балабақшасында мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ата-аналардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге балабақша ата-аналары қатысып, қаржылық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

«Бүгінгі шара мен үшін өте пайдалы болды. Кездесу барысында алаяқтардың түрлі айла-тәсілдері туралы көп мәлімет алдым. Ең бастысы, алаяқтарға алданбау үшін жеке деректерімді, банк картасының мәліметтерін және жеке ақпаратты қорғау қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері күнделікті өмірде кездесетін қауіптердің алдын алуға үлкен көмегін тигізеді», – деді шараға қатысқан ата-аналардың бірі Айнұр Тұманбаева.

Кездесу барысында Экономикалық тергеулер департаментінің өкілдері қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын түсіндіріп, күнделікті өмірде жиі кездесетін нақты мысалдарды келтірді.

Атап айтқанда, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, азаматтарды түрлі заңсыз схемаларға тарту әдістері жан-жақты баяндалды.

Сонымен қатар мамандар қаржы пирамидаларының негізгі белгілеріне тоқталып, олардың қалай жұмыс істейтіні және мұндай ұйымдардың құрбанына айналмау үшін нені ескеру қажеттігін түсіндірді. Қатысушыларға күмәнді қаржылық ұсыныстарға сын көзбен қарау, жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін қорғау жөнінде нақты кеңестер берілді.

Кездесу барысында күрделі қаржылық жағдайға тап болған жағдайда қандай әрекеттер жасау керектігі, қай мемлекеттік органдарға жүгіну қажет екені де түсіндірілді. Мамандар заң аясында көмек алу жолдарына тоқталып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін таныстырды.

«Бұл іс-шара барысында тек ата-аналар ғана емес, балабақша қызметкерлері де мол мағлұмат алды. Кездесу бізге қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтық схемаларының алдын алу жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Әр адамға жеке деректерін қорғауға ерекше мән беруге кеңес беремін. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жиі ұйымдастырылса, адамдардың алаяқтарға алдану жағдайлары айтарлықтай азаяды деп ойлаймын», - деді №26 «Үміт» балабақшасын әдіскері Салтанат Ибадуллақызы.

Іс-шара соңында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алу бойынша практикалық кеңестер мен нақты жауаптар алды.