Елорданың белсенді жастары жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады
Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада астаналық жастар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін дөңгелек үстел барысында талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған іс-шараға «Жаңа адамдардар», «Дала Қырандары», «Жастар» ҒЗО, «Ассамблея жастары», «Есірткісіз болашақ», «Жас Сарбаз», «Жасыл Ел», «Жастар рухы» сияқты жастар ұйымдары және «Ауыл» мен Respublica партиясының жастар қанаты шақырылды. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге басқа да елорданың белсенді жастары қатысты.
Дөңгелек үстелдің модераторы Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін біз еліміздің болашағына қатысты маңызды тақырып — Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын талқылау үшін бас қосып отырмыз.
Осындай маңызды процесте елорданың белсенді жастарының қатысуы ерекше маңызға ие. Жастар, сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасында жаңа конституция жобасын ашық талқылау құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді қалыптастыруға ықпал етеді», - деді ол.
Дөңгелек үстелде Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, сондай-ақ, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі сөз сөйлеп, жастарға жүргізіліп жатқан реформаның себептері мен маңыздылығын түсіндірді.

«Конституция жобасын талқылау жүріп жатыр. Көптеген пікірлер айтылып жатыр. Жалпы айтқанда, конституциялық комиссия өте жақсы, үлкен жұмыс жасаған. Ол топтың ішініде белгілі ғалымдар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік орган, конституциялық сот мүшелері болды. Конституциялық жобаның маңыздылығы зор. Бүгінгі заманға сай келетін жоба. 1995 жылғы Ата Заң өзінің көптеген мақсатын орындады. Қазақстан бүкіл әлемге танымал мемлекет болды. Ол біздің Конституцияның арқасында болды. Ал қазіргі заман өзінің көп талаптарын қойып жатыр. Сондықтан біз мыңдаған жыл жасаған мемлекеттердің дәстүрлерін алуымыз керек. Оны Конституцияда көрсетуіміз керек. Бұл 30-35 жыл бұрын ғана пайда болмаған, мыңдаған жылдар бұрын құрылған мемлекетіміздің әрі қарай да дамуына ықпал етеді. Бұл геосаяси жағдаймен, технологиялық өзгерістермен де байланысты. Бұл тұрғыдан қарағанда, жаңа жоба көкейге қонымды. Сол үшін осы жобаны қолдауымыз керек. Әрі қарай да талқылау болады, ұсыныстар болады, Ата Заңымыз одан сайын жақсара түседі деп ойлаймын», - деді ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасулов.
Іс-шараға қатысқан 2025 жылғы бокстан әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов да жобаға қатысты пікірін білдірді.

«Керемет отырыс болды. Конституция жобасын оқығанмен, кейбір түсінбей жүрген мәселелерге осы жерде қанық болдым. Заңдағы өзгерістер жөнінде комиссия мүшелерінің өз аузынан тыңдаған мүлдем бөлек екен. Соның ішінде отбасылық құндылықтар жөніндегі нормалар ұнады. Өйткені өзім әке болғандықтан, отбасы адам үшін ең маңызды құндылық деп ойлаймын», - деді спортшы.
Дөңгелек үстел барасында белсенді жастар өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды.