Отандық университет Horizon Europe бағдарламасының жеңімпазы атанды

Отандық университет Horizon Europe бағдарламасының жеңімпазы атанды
Фото: ЖИ

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Еуропалық одақтың ең ірі ғылыми-инновациялық бастамасы – Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Университет HUMAN-AI атты халықаралық ғылыми жобаның консорциумына ресми түрде қосылды. Жоба жасанды интеллектінің білім беру, ғылым және қоғамға әсерін ескере отырып, жоғары білім беру жүйесін жаңа жаһандық талаптарға бейімдеуге бағытталған.

HUMAN-AI жобасының мақсаты – жоғары білім беруде жасанды интеллектіні этикалық, адамға бағдарланған және жауапты түрде қолданудың кешенді моделін әзірлеу. Жоба шеңберінде AI-ға бейімделген инновациялық оқыту стратегияларын дамыту, академиялық ортаға сай soft skills жүйесін қалыптастыру, оқу бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарымен үйлестіру көзделген. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты адамгершілік құндылықтармен және жауапты пайдаланумен ұштастыру, технологиялық өзгерістер жағдайында білім берудегі «адам факторын» сақтау мәселелері зерттеледі.

Консорциум құрамына Польша, Эстония, Португалия, Нидерланд, Словакия, Украина, Түркия, Қазақстан, Таиланд және Бразилия елдерінен жетекші ғылыми және білім беру ұйымдары енген. Қазақстан тарапынан жобаны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гүлназ Салғараева басқарады.

Айта кетейік, бұл – Horizon Europe бағдарламасы аясында Қазақстаннан мақұлданған екінші жоба.

Еске салайық, астаналық оқушылар жылыжайда өсімдіктер өсіреді.