Астаналық оқушылар жылыжайда өсімдіктер өсіреді
Елордадағы №119 мектепте 3-ші сыныптың оқушылары ұстаздарымен бірге шағын жылыжайда өсімдіктер өсіріп, зерттеу жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мұндағы мақсаты – өсімдіктердің жақсы өсуі мен дамуы үшін қандай жағдайлар қажет екенін анықтау. Мұғалімнің жетекшілігімен балалар жылыжай құрылымымен, өсімдіктерге күтім жасау ережелерімен және қауіпсіздік техникасымен танысты.ш
Ұстаздардың айтуынша, Шағын жылыжайда қолайлы жағдайлар жасалған: оңтайлы жарық, жылу және ылғалдылық сақталады. Оқушылар жылыжайда жапырақтардың күйін, өсімдіктердің өсуін, су деңгейін бақылайды және барлық өзгерістерді фоторепортаж түрінде жазады.
Бір аптадан кейін балалар алғашқы нәтижелерді байқады. Атап айтқанда, жапырақтары жайқалып өсе бастады. Оқушылар өзгерістерді сыныптастарымен бірге талқылап, топтық жұмыстар жүргізді.
Мұндай зерттеу балалардың қоршаған әлем туралы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады, сондай-ақ, байқау мен еңбекқорлықты дамытады.
Бұған дейін елордалық оқушы мектепте төбелестің алдын алатын ақылды жүйе ойлап тапқанын жаздық.