«Педагогикалық сабақтастық»: Астанада балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасты

«Педагогикалық сабақтастық»: Астанада балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасты
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Астанадағы №87 «Қадыр» балабақшасында «Педагогикалық сабақтастық» жоспары аясында даярлық тобындағы балалардың мектепке дайындығы жөнінде тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің іс-тәжірибелік семинары өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Балабақша мен мектеп арасындағы педагогикалық сабақтастықты қамтамасыз ету арқылы балалардың мектепке психологиялық тұрғыдан дайындық деңгейін арттыру мақсатында өткен іс-шараға мектепалды топ тәрбиешілері, №75 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімдері және ата-аналар қатысты.

Іс-шарада балабақша тәрбиеленушілері ертегіден көрініс қойып, ән айтып, билеп, өз өнерлерін паш етті.

Бүгінде аталған балабақшада 12 топ, яғни 307 бүлдіршін тәрбиеленеді. Соның мектеп алды даярлық 4 тобындағы балалар саны 100-ден асады. Педагогикалық ұжымда 30 адам, соның ішінде дене тәрбиесі мұғалімі, үйірме жетекшілері, логопед, дефектолог, 19 тәрбиеші жұмыс істейді. Мұнда балаларға қолөнермен айналысуға жағдай қарастырылған.

«Балабақшадағы балалар мектепке баруға психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Мектептің бастауыш сынып мұғалімдері бізге келіп, балаларды көрген кезде олардың тағы қай қырын ашу керектігі жөнінде ұсыныстарын айтады. Балаларды да мектепке экскурсияға апарып тұрамыз. Өйткені балада бейімделу кезеңі болады. Мысалы, балабақшада олар ойын арқылы сыртқы әлеммен танысса, мектептің тәртібі басқаша. Онда сабақты мұқият тыңдап, тәртіп сақтап отыру керек, жаттау керек. Сондықтан бұл жағынан балабақша мен мектеп арасындағы педагогикалық сабақтастықтың рөлі зор», – деді №87 «Қадыр» балабақшасының меңгерушісі Ләйлә Аханова Elordainfo.kz тілшісіне.

Оның айтуынша, мұндай іс-шара бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

«Педагогикалық сабақтастық тиімді жоспар. Өйткені балабақша тәрбиеленушілерін мектепке экскурсияға апарғанда басында олардың бойында қорқыныш болатынын айтады. Мектепке барып келген соң тәрбиешілерге өздерінің жақсы әсерлерімен бөліседі. Балабақшада олар үйдегідей жүреді. Ал мектептегі кең кабинеттерді, спорт зал, музыка залдарын, асхананы көрген соң үрейлері сейіліп, өздерін еркін сезіне бастайды. Осылайша, балаларды психологиялық тұрғыда мектепке дайындаймыз», – деді Ләйлә Аханова.

Айта кету керек, 2025-2026 жылғы оқу жылынан бастап №87 «Қадыр» балабақшасындағы балалар бірыңғай қазақ топтарында тәрбие алады. Бұл ретте балабақша іші қазақы ою-өрнекпен безендіріліп, қабырғаларға бүлдіршіндер бір уақ бой сергіту үшін қазақтың ұлттық музыкасы, тарихы туралы ойын тақталары орнатылған.

Іс-шара барысында №75 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімдері Эльмира Молдашева мен Айкөркем Жаңабай балабақша тәрбиеленушілеріне «Мен мектепке дайынмын ба?» деген сабақ өткізді.

«Педагогикалық сабақтастық аясында бұл балабақшаға былтыр да келіп, іс-шараға қатыстық. Тәрбиешілер әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Балабақша тәрбиеленушілері де мектепке саяхат жасап тұрады. Қазіргі балалар еркін, сабаққа дайын. Балабақшаның қазақылығына тәнті болдық. Тығыз байланыстамыз. Балабақшадағы әріптестерге, ата-аналарға айтар ұсынысымыз сол балалардың санасына қазақ тілін ерте жастан сіңірсе екен дейміз. Әйтпесе 1-сыныпта оқушылар сабақты дұрыс түсінбей қиналады», – деді Эльмира Молдашева Elordainfo.kz тілшісіне.

Өз кезегінде Айкөркем Жаңабай қазақ сыныптарының ата-аналарына арналған мектепішілік қазақ тілі курсы ашылғанын айтты.  

«Біздің мектебімізде қазақ сыныптарының қатары көбейіп келеді. Сол жағы қуантады. Бұл үрдіске осы балабақшаның үлесі зор деп ойлаймын. Қазіргі таңда бастауышта оқитын қазақ сыныптарындағы өзекті мәселенің бірі – оқушылардың қазақ тілін жетік білмеуі. Мысалы, 1-сыныпқа қадам басқанда оқушылардың көпшілігі қазақ тіліне шорқақ болғандықтан, қиналатынымыз рас. Бұл ретте мектебіміздегі қазақ сыныбында оқитын балаларының сабағын қарауына көмектесуі үшін ата-аналарға қазақ тілі курсын аштық. Әйтпесе қазақ тіліндегі бағдарламаны игеру балаларға өте қиын болады. Бұл жұмыс та өз нәтижесін беріп жатыр. Курс онлайн және офлайн форматында өткізіледі. Мектепішілік іс-шаралар, жиналыстар өткізіледі. Осылайша, қазақ тілін бірінші ата-анадан бастап жатырмыз. Сабақта жасанды интеллектті, нейро желілерді жиі қолданамыз», – деді Айкөркем Ерікқызы.

«Педагогикалық сабақтастық» жоспары аясында мектеп мұғалімдері балабақша тәрбиеленушілерінің қолөнер жұмыстарымен танысты.

Балабақша тәрбиешісі Бибігүл Хамзина 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған қазақы нақыштағы үстел ойынын ойлап тапқан. Авторлық жұмыс патенттелген. Мұнда бүлдіршіндер түсті атап, сандарды айтып, бағыттарды дәл табу арқылы танымдық деңгейін арттырады.

Ал мектепалды «Нұрай» тобының тәрбиешісі Ләззат Сәрсембаева балаларға ашық сабақ өткізді. Екі-екіден топ-топқа бөлінген балалар сабақ кезінде қолөнер бұйымдарын жасап, қамыр илеп, тоқаш пісірді.

«Балаларымыз осындай істермен айналысады деп ойламаппыз. Балаларымызды әкеліп жүрсек те, іс-шараға өз басым алғаш рет қатысып отырмын. Тәрбиешілерге көп рақмет. Біз қызымыз Әдинаны осы балабақшаға 2 жасынан бастап, 4 жылдан бері әкеп жүрміз. Адина балабақшаға қуана барады. Мектепке дайындығы жақсы. Тәрбиешілерге көп рақмет», – деді ата-аналардың бірі Жансұлу Әлсейітова.

Бұған дейін елордада оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған форум өткенін жаздық