Азия ойындары – 2026: Қазақстан қай спортта озды, қайсысында кейін қалды (сараптама)

Азия ойындары – 2026: Қазақстан қай спортта озды, қайсысында кейін қалды (сараптама)
Фото: ҰОК

Отандық жазғы спорт үшін 2026 жылдың басты додасы саналған Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстанның Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядан төмен орналасатыны алдын ала болжанған еді. Өйткені бұл елдердің халық саны да, экономикалық әлеуеті де Қазақстаннан әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ Үндістан, Өзбекстан, Иран және Таиланд құрамалары да біздің елден жоғары орын алды.

Дегенмен жалпыкомандалық есеп спорт түрлерінің нақты даму деңгейін толық көрсете бермейді. Сондықтан Қазақстан спортшыларының нәтижесін жекелеген федерациялар бойынша саралап, 2023 жылғы Ханчжоу Азия ойындарымен салыстырып көрейік.

1-орын. Тас жолдағы велоспорт – 3 алтын, 1 күміс (2023 жылғы көрсеткіші: 2 алтын, 1 күміс)

2014 жылдан бері Азия ойындарында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан велошабандоздарымыздан бұл жолы жоспар бойынша екі алтын күтілген еді. Алайда спортшыларымыз үш алтын медаль жеңіп алып, межеден асып түсті.

Алексей Луценко жеке және топтық жарыста да топ жарып, Қазақстан тарихында Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған алғашқы спортшы ретінде тіркелді. Ал 2023 жылғы Азиада чемпионы Евгений Федоров күміс жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасында Рината Сұлтанованың жеңісі нағыз сенсация болды. Өйткені бұған дейін қазақстандық әйел спортшылар тас жолдағы велоспорттан Азия ойындарының алтын медалін жеңіп көрмеген еді. Айта кетейік, Рината Сұлтанова 2025 жылдың соңынан бері Біріккен Араб Әмірліктерінің клубында өнер көрсетіп келеді.

2-орын. Каратэ – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 3 алтын, 3 күміс, 2 қола)

Үш жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда, каратэшілер құрамасында бірқатар өзгеріс болды. Біріншіден, отандастарымыз бұл жолы сегіз емес, алты салмақта жүлдеге таласты.

Екіншіден, 2023 жылы чемпион атанған Қайсар Алпысбай спорттық мансабын аяқтаса, тұңғыш әлем чемпионы әрі Азиаданың күміс жүлдегері Мөлдір Жаңбырбай отбасылық жағдайына байланысты жарысқа қатыспады.

Ал Ханчжоуда алтын алған Нұрқанат Әжіқанов бұл жолы қола жүлдені қанағат тұтты.

3-орын. Бокс – 2 алтын, 3 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 2 күміс, 3 қола)

Қазақстанда ең танымал спорт түрлерінің бірі саналатын бокстан отандастарымыз 2018 және 2023 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп ала алмаған еді.

Бұл жолы ерлер құрамасынан Төрехан Сабырхан (70 келі) мен Айбек Оралбай алтынсыз кезеңге нүкте қойды.

Дегенмен Махмұд Сабырхан (55 келі), Наталья Богданова (75 келі) және Виктория Графееваның (60 келі) жекпе-жектеріндегі төрешілік шешімдерге қатысты наразылықтар болғанын ескерсек, қазақстандық боксшылар бұдан да жоғары нәтиже көрсетуі мүмкін еді.

4-орын. ММА – 2 алтын, 1 қола (Азия ойындарының бағдарламасына алғаш енгізілді)

Биылғы Азия ойындарында алты спорт түрі алғаш рет бағдарламаға енгізілді. Соның бірі – қазақстандық спортшыларға жақсы таныс аралас жекпе-жек (ММА).

Бұл сайыста Қадырбек Шинбаев пен Еркінғали Бүркіталин чемпион атанып, тарихи алтын медальдарды жеңіп алды.

5-орын. Семсерлесу – 1 алтын, 1 күміс, 3 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 күміс, 2 қола)

Семсерлесуден сапы сайысында Украина маманы Александр Горбачук жаттықтыратын Қазақстанның ерлер құрамасы 2026 жылы ерекше жетістікке қол жеткізді.

Алдымен маусым айында Үндістанда өткен Азия чемпионатының финалында басты қарсыласы Жапонияны жеңді. Шілде айында Гонконгте өткен әлем чемпионатында Украина құрамасынан басым түсіп, тарихи нәтиже тіркеді.

Ал Азия ойындарының финалында Оңтүстік Кореядан тоғыз ұпай айырмасымен жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды.

Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер бір жылдың ішінде әлем чемпионы, Азия чемпионы және Азия ойындарының чемпионы атанды. Отандық спорт тарихында мұндай жетістікке бұрын-соңды қол жеткізілмеген.

6-орын. Таеквондо – 1 алтын, 2 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 2 қола)

Таеквондодан 19 жастағы Тамирлан Тілеулес 58 келі салмақта Азия ойындарының чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді.

Жарыс барысында ол осы салмақтағы басты фавориттердің бірі, 2025 жылғы әлем чемпионы және 2026 жылғы Азия чемпионы Абулфази Зандиден (Иран) басым түсті.

Сондай-ақ виртуалды таеквондодан Рита Бакашева сәтті дебют жасап, қола медаль иеленді.

7-орын. Академиялық ескек есу – 1 алтын (2023 жылы жүлде болмаған)

2025 жылы Түркістанда еліміздегі алғашқы ескек есу арнасының пайдалануға берілуі осы спорт түрінің дамуына жаңа мүмкіндік ашты.

Түркістан облысының өкілдері Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Азия ойындарында тарихи нәтижеге қол жеткізді. Олар осы спорт түрінде Қытай спортшыларының басымдығын тоқтатып, алтын медаль жеңіп алды.

8-орын. Дзюдо – 5 күміс, 2 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 күміс, 4 қола)

Париж Олимпиадасынан кейін екі жылға жуық үзіліс жасаған Елдос Сметовтің Азия ойындарына қатысатын спортшылар тізіміне енуінің өзі көпшілікті таңғалдырды.

Олимпиада чемпионы жарыс барысында бірнеше фаворитті жеңіп, күміс медальға қол жеткізді.

Ал әйелдер арасында Ажар Асхаттың финалға дейін жетуі күтпеген нәтижелердің бірі болды.

Өкінішке қарай Қазақстан тарихында алғаш рет төрт дзюдошымыз ақтық сынға дейін жеткенімен, ешқайсысына алтын жүлде бұйырмады.

9-орын. Жеңіл атлетика – 4 күміс, 2 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 4 қола)

Ең көп, яғни 50 медаль жиынтығы сарапқа салынатын жеңіл атлетикада Қазақстан спортшылары айтарлықтай ілгерілеу көрсетті. Ясмина Тоқсанбаеваның алтын медалінің есепке алынбауы мен Айана Болатбекқызының допинг дауына ілігуіне қарамастан, бірқатар спортшы жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Әсіресе, 400 метрге жүгіруде Аделина Земстің көрсеткіші назар аудартады. Ол 54,58 секунд нәтижемен жеке рекордын жаңартып, күміс медаль жеңіп алды. Салыстыратын болсақ, 2023 жылғы Азия ойындарында оның көрсеткіші 57,16 секунд болған еді.

Сырықпен секіруден Полина Иванованың алғашқы жүлдесін жеңіп алуы мен спорттық жүрістен Кристина Морозованың 24 жылдан кейін Қазақстанды жүлдегерлер қатарына қосуы да ерекше атап өтуге тұрарлық.

10-орын. Ауыр атлетика – 3 күміс (2023 жылғы көрсеткіші: 1 қола)

2023 жылы допинг дауына байланысты Азия ойындарына үздік құрамын толық қатыстыра алмаған Қазақстан бұл жолы мықты спортшыларына сенім артты.

Нәтижесінде алтын медаль бұйырмаса да, 85 келі салмақта Алексей Чуркин әлем рекордын жаңартып, ерекше жетістікке қол жеткізді.

Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы мен әйелдер арасында 19 жастағы Аянат Жұмағалидың күміс медаль жеңіп алуы да көпшілік күтпеген нәтижелердің бірі болды.

11-орын. Джиу-джитсу – 2 күміс, 3 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 алтын, 1 күміс, 3 қола)

12-орын. Күрес – 1 күміс, 6 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 2 күміс, 2 қола)

13-орын. Байдарка мен каноэде ескек есу – 1 күміс, 5 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 алтын, 5 күміс, 3 қола)

14-орын. Нысана көздеу – 1 күміс, 4 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 алтын, 2 күміс, 2 қола)

15-орын. Ушу – 1 күміс, 1 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 қола)

16–18-орын. Спорттық гимнастика – 1 күміс (2023 жылғы көрсеткіші: 3 күміс, 3 қола)

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов пен әлем кубоктарының бірнеше дүркін жүлдегері Милад Карими сынды үздік спортшыларымыз Азия ойындарына қатысқанымен, Қазақстан құрамасы бір ғана күміс медальмен шектелді.

Енді спорттық гимнастика өкілдері 17–24 қазан аралығында өтетін әлем чемпионатына қатысады.

16–18-орын. Велотрек – 1 күміс (2023 жылғы көрсеткіші: 1 қола)

2023 жылы Рината Сұлтанова омниум сайысында қола медаль жеңіп алған еді. Бұл жолы ол нәтижесін жақсартып, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Рината үшін биылғы Азия ойындарының басты ерекшелігі – тас жолдағы велоспорттан да, велотректен де жүлдегерлер қатарына қосылуы.

16–18-орын. Су добы – 1 күміс (2023 жылғы көрсеткіші: 2 қола)

Командалық спорт түрлерінен жүлде алған жалғыз құрама – су добы командасы.

Алайда қазақстандық спортшылар финалда жарыс қожайындарына айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Кездесу 7:24 есебімен аяқталды.

19-орын. Слаломда есу – 3 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 2 қола)

20–22-орын. Теннис – 2 қола (2023 жылы жүлде болмаған)

2026 жылдың үздік спорт федерацияларының бірі атануға үміткер теннис құрамасы Азия ойындарында екі қола медаль жеңіп алды.

Әлемдік рейтингте жоғары орындарда тұрған Елена Рыбакина мен Александр Бублик жарысқа қатыспағанымен, Қазақстан атынан бірқатар мықты теннисші ел намысын қорғады.

Олардың арасынан Юлия Путинцева жекелей және жұптық бәсекеде қола жүлдеге ие болды.

20–22-орын. Әртістік жүзу – 2 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 2 қола)

20–22-орын. Кураш – 2 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 күміс)

23–27-орын. Батуттағы гимнастика – 1 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 күміс, 1 қола)

23–27-орын. Спорттық құзға өрмелеу – 1 қола (2023 жылы жүлде болмаған)

Спорттық құзға өрмелеуден көпшілікке жақсы таныс Ришад Хайбуллин мен Амир Маймұратов емес, 19 жастағы Дамир Тоқтаров күтпеген нәтиже көрсетті.

Ол жарыс барысында Париж Олимпиадасының чемпионы Леонардо Ведрикті (Индонезия) артқа қалдырып, қола медаль жеңіп алды.

23–27-орын. Қазіргі бессайыс – 1 қола (2023 жылы жүлде болмаған)

23–27-орын. Көркем гимнастика – 1 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 2 күміс, 1 қола)

23–27-орын. Триатлон – 1 қола (2023 жылғы көрсеткіші: 1 қола)

Жүлде бұйырмаған спорт түрлері

Өкінішке қарай Қазақстан спортшылары бірқатар спорт түрінде жүлдегерлер қатарына қосыла алмады.

Атап айтқанда, жүзу (12 спортшы, 2023 жылғы көрсеткіші: 2 қола), жағажай волейболы (2023 жылғы көрсеткіші: 1 қола), баскетбол (32 спортшы), гандбол (30 спортшы), регби (26 спортшы), киберспорт (25 спортшы), волейбол (24 спортшы), көгалдағы хоккей (20 спортшы), суға секіру (12 спортшы), садақ ату (12 спортшы), үстел теннисі (10 спортшы), бадминтон (9 спортшы), падел (8 спортшы), желкенді спорт (6 спортшы), брейкинг (4 спортшы), гольф (4 спортшы), ат спорты (4 спортшы), маунтинбайк (4 спортшы) және скейтбординг (3 спортшы) жарыстарында отандастарымыз жүлдесіз қалды.

Осылайша, 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бірқатар спорт түрінде нәтижесін жақсартқанымен, кейбір дәстүрлі бағыттарда бұрынғы жетістігін қайталай алмады. Әсіресе, велоспорт, бокс, семсерлесу, таеквондо және академиялық ескек есудегі табыстар ерекше назар аудартады.