Елордада оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған форум өтті
Бүгін Астанадағы №111 мектепте «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда қалыптастыру мақсатында «ADAL URPAQ: Заң. Тәртіп. Сенім» атты қалалық форум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Өздеріңізге мәлім, елімізде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітіліп, іске асыру кезеңі басталды. Президент атап өткендей, бұл – балалардың қауіпсіздігін, дамуын қамтамасыз етуге арналған маңызды стратегиялық құжат. Оның аясында балаларға қатысты мәселені қамтитын 158 іс-шара енгізілген. Алайда бұл іске тек ұстаздар қауымы ғана емес, ата-ана, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар да бірге атсалысуы қажет. Менің ойымша, бүгінде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» – өте жақсы бағдарлама. Барлығы дайын, соған шығармашылық қосылса, нәтиже де жемісті болады», - деді Астана қаласы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина.

Әсима Темкеқызының айтуынша, бүгінде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар іске асырылып жатыр.
«Жуырда мәслихат отырысында балалардың құқықтарын қорғайтын жаңа басқарма ашылды. Сонымен қатар қаладағы Өтеген Сейітов атындағы №73 мектепте «Болашақ прокурорлар клубы» құрылып, «Сарайшық» ауданындағы 17 мектепте тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бала жаман болып тумайды. Оның болашағы ең алдымен ата-анаға, одан кейін балабақшадағы тәрбиеге, мектепке және қоғамға тікелей байланысты. Балалардың бақытты әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бастысы балаларымыз аман-сау болсын. Жобалардың нәтижесін көріп отырмыз, олар көбейе берсін. Біз барлығымыз бірігіп қана балаларды бақытты ете аламыз», - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина.

Іс-шара өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
«Бұл – «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан «Заң мен тәртіп» айлығының қаңтар айын қорытындылау іс-шарасы. Форумға Полиция департаменті, прокуратура өкілдері, Әкелер одағының мүшелері, мектеп, балабақша, колледж басшылары және мектеп парламенттерінің жетекшілері қатысып отыр. Айлық кезінде 200 мыңнан астам оқушы қамтылып, 50 мыңнан аса ата-ана тартылды. Жалпы осы уақытта 80-ге жуық түрлі іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары, семинарлар, оқушылар арасында «Заң 20 секундта» челленджі, Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен «Қаржы сақшысы» ойыны, Полиция департаментінің бастамасымен дропперлік тақырыбында эссе байқауы өтті», - деді Астана қаласы әкімдігі Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов.

Форум аясында «Заң балалар көзімен» сурет байқауы мен «Менің әкем – полицей» тақырыбындағы балабақшааралық байқаудың қорытынды көрмесі көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ астаналық студенттер жасөспірімдерге арнап әзірлеген құқықтық чат-бот таныстырылды. Бұл чат-бот Telegram платформасы арқылы жаөспірімдерге заңбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында әрбір әрекеттің құқықтық салдары мен жауапкершілігін түсіндіруге бағытталған.


«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы - заңға құрмет пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ммлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Құқықтық тәрбие мен профилактика бағытындағы жұмыс тек осы айлықтың шеңберінде немесе тұжырымдамамен ғана шектелмейді. Өткізілген айлық – осы жүйелі жұмыстың бір кезеңі. Балалар – біздің болашағымыз. Бүгін олардың бойында заңға деген құрметті қалыптастырсақ, ертең құқықтық тәртіпке негізделген қауіпсіздік ұғымын қалыптасырамыз. Осы айлық кезінде «Әділдік алаңы» кабинеті ашылды. Ондағы мақсат – құқықтық мәдениетті арттыру, оқушылардың құқықтарын қорғауға ықпал ету. Кабинетте прокуратура өкілдерінің қатысуымен дебат-тренингтер, кездесулер, тәжірибеге бағытталған сабақтар өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Сарайшық» ауданына қарасты 17 мектепте Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды. Клуб еліміздің ертеңі – әділетті, саналы, заңға құрметпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді», - деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова.
