Дәрігерді қанша күтесіз: Қазақстанда емханаларды бағалау тәртібі өзгереді

Дәрігерді қанша күтесіз: Қазақстанда емханаларды бағалау тәртібі өзгереді
Фото: ДСМ

Қазақстанда емханалардың жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Енді медициналық ұйымдардың қызметі пациенттің бейінді маманға қаншалықты жылдам қаралғанына, диагностикалық тексеруден уақтылы өткеніне және ем нәтижесіне қарай бағаланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) стандартының жаңа редакциясында емханалардың жұмысын бағалаудың бірыңғай 100 балдық жүйесі қарастырылған.

Бағалау тоқсан сайын жүргізіледі. Көрсеткіштер денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде есептеледі.

«Біз емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тартуымыз керек. Басты критерий – көрсетілген медициналық көмектің сапасы, яғни пациенттің нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені: қажетті маманға қаншалықты жылдам барғаны, диагностикадан уақтылы өткені және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырғаны. Ол үшін деректер автоматты түрде әрі объективті қалыптасуы керек. Қазіргі таңда ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастыру», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Пациенттердің пікірі де ескеріледі

Жаңа жүйеде медициналық қызмет алған азаматтардың кері байланысына ерекше мән беріледі. Атап айтқанда, пациенттің медициналық көмекті қаншалықты оңай алғаны, өз диагнозы мен емдеу жоспарын түсінгені және емнен кейін денсаулығының жақсарғанын сезінгені бағаланады. 

Сонымен қатар аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау көрсеткіштері назарға алынады. Олардың қатарында балаларды жоспарлы вакцинациялау, скринингтерден өткізу, сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обырына күдік туған жағдайда диагностиканы уақтылы аяқтау бар.

Қандай медициналық қызметтер тегін көрсетіледі?

МСАК стандартының жаңа редакциясында емханалар көрсететін медициналық көмектің көлемі де нақтыланады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызметтер азаматтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.

Олардың қатарында:

– бастапқы буын медицина мамандарының қабылдауы;

– дәрігерге дейінгі тексеру;

– жедел медициналық көмек кабинетінің қызметтері;

– жалпы қан және зәр талдаулары;

– электрокардиография (ЭКГ);

– флюорография және белгіленген тізбедегі басқа зерттеулер бар.

Талдау нәтижелері пациенттің жеке кабинетіне жіберіледі

Тағы бір өзгеріс – пациенттердің тексеру нәтижелерін алу үшін емханаға қайта бару қажеттілігін азайту.

Жаңа тәртіп бойынша зерттеу нәтижелері мен алғашқы қабылдау қорытындысы негізіндегі дәрігер ұсынымдары медициналық цифрлық жүйе арқылы пациенттің жеке кабинетіне автоматты түрде жолданады.

Ал МӘМС жүйесі аясында емханаларда консультациялық, диагностикалық және профилактикалық қызметтердің кең ауқымы қолжетімді болады. Олардың қатарында зертханалық тексерулер, маммография, жүрек қызметі мен артериялық қысымды тәулік бойы бақылау, қашықтан кеңес беру және мобильді медициналық бригадалардың қызметі бар.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бағалау жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, емханалардың жұмысын пациент үшін нақты нәтижелер негізінде бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін қазан айынан бастап еліміздің өңірлерінде емханалардағы дәрігерге жазылудың нақты қолжетімділігі жүйелі түрде тексерілетіні хабарланған еді.