Астанада қаланың экологиялық дамуы бойынша тыңдаулар өтіп жатыр
Астанада стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелері бойынша тыңдаулар өтіп жатыр. Оған қала тұрғындары мен сарапшылар қатысуда, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оның барысында қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтау және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шешімдер ұсынылды, оның ішінде 2035 жылға дейінгі қаланың Бас жоспарын түзету аясында жасыл желектерді дамыту мен инженерлік инфрақұрылымды жақсарту мәселелері қаралды.
Негізгі назар жасыл аймақтарды сақтау және көбейту, экопарктер салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, сондай-ақ су, жылу жүйелерін, жауын суын жинау және тазалау құрылғыларын жаңарту арқылы ыңғайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету шараларына аударылды.
Арнайы назар ауа сапасына және шудың әсерін азайтуға, жылу қазандықтарын газға көшіруге, көшелер мен жолдарды оңтайландыруға, дыбыс тосқауылдарын орнатуға және жасыл бөгеттерді қалыптастыруға аударылды. Бұл шаралар биологиялық әртүрлілікті сақтауға, шу мен судың қауіпсіз деңгейін қамтамасыз етуге, тұрғындар үшін қауіпсіз және жайлы ортаны құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба қоғамдық көлік пен велоинфрақұрылымды дамыту жоспарларын да қарастырады, бұл жолдарға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.
Айта кетейік, бүгін «Жастар» сарайында «Астана қаласының Бас жоспары. Түзету» жобасы бойынша стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелеріне арналған қоғамдық тыңдаулар өтуде. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар және қала тұрғындары қатысып жатыр.
Бұған дейін Астананың 2035 жылға дейінгі даму жоспарында 130-дан астам инвестициялық жоба қарастырылғанын жаздық.