Қысқы Олимпиаданы Qazaqstan және Qazsport тікелей эфирде көрсетеді
6-22 ақпан аралығында Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарын Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан» телерадиокорпорациясына сілтеме жасап.
Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Олимпиада ойындарының телетрансляциясына арналған ресми таныстырылым өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, танымал спортшылар мен сала ардагерлері, спорт журналистері, сондай-ақ ойындарды жүргізетін комментаторлар қатысты.
Қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиадада алтын медаль иеленген тұңғыш спортшы Владимир Смирнов байланысқа шығып, ұлттық құрама мүшелеріне сәттілік тілеп, оларға зор сенім артатынын атап өтті.

Сонымен қатар елордадағы қысқы спорт түрлеріне маманданған спорт кешендерінен тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және биатлон спорт түрлері бойынша жаттығатын спортшылармен сұхбаттар жүргізілді. Іс-шара соңында Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар тікелей эфирге қосылып, өз пікірлері мен дайындық барысы туралы ой бөлісті.
Байрақты бәсекенің телетрансляциясы ресми ашылу салтанатынан екі күн бұрын басталады. Алғашқы болып хоккейден әйелдер құрамалары мен керлинг спортшылары жарыс жолына шығады. Италиядағы додада еліміздің атынан 10 спорт түрінен 36 спортшы ел намысын қорғайды.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпан күні сағат 00:00-де Qazaqstan және Qazsport телеарналары арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі телеарнаның эфирінде Олимпиада ойындарын 22 комментатор жүргізеді. Олардың қатарында Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Руслан Бақытжан, Ерсін Ерікұлы, Азат Смағұлов, Лилиана Әлжанова және өзге де комментаторлар бар.
Сондай-ақ Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан күн сайын «Олимпиада ойындарының шолуы» бағдарламасы, ал Qazsport арнасынан тікелей эфирде «Милан–Кортина-2026» студиялық бағдарламасы көрерменге жол тартады.

Еске сала кетсек, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрі бойынша 36 қазақстандық спортшы медальға таласады. Қазақстандық спортшылардың жарыс жолына шығатын уақыт кестесін мына сілтемеден оқуға болады.