Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндірушілер әшкереленді

Бүгін, 13:42
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндірушілер әшкереленді
фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлытау облысының прокуратурасы Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, облыс аумағында марганец кенін заңсыз өндірудің қылмыстық схемасын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Қостанай облысының 50 жастағы тұрғыны 2020–2023 жылдар аралығында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты болмағанына қарамастан «Шығыс Қаражал» кен орнында марганец кенін заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Сонымен қатар, қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған мәмілелер жасасу арқылы пайдалы қазбаларды сатудан түскен қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты заңдастырған.

Аталған кезеңде 16 мың тоннадан астам кен жөнелтіліп, мемлекетке 1,3 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Қылмыстық қызметтің нәтижесінде және өңделген темір-марганец кенін ел ішінде және шетелге сату арқылы 3,5 млрд теңгеден астам пайда тапқан.

«Ұлытау облысы сотының үкімімен кінәлі адам 5 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды», - делінген хабарламада. 

Мемлекет кірісіне 4,8 млрд теңге өндіріліп, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған 3 жеңіл және 2 жүк автокөлігі тәркіленді.

Еске салайық, бұдан бұрын Қарағанды облысында табиғи байлықты шетелге заңсыз тасымалдаған күдіктілер қамауға алынғаны туралы жаздық.