Астананың Бас жоспары: экологиялық бағалау бойынша тыңдаулар басталды

Бүгін, 11:23
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астананың Бас жоспары: экологиялық бағалау бойынша тыңдаулар басталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Жастар» сарайында «Астана қаласының Бас жоспары. Түзету» жобасына жүргізілген стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелері бойынша қоғамдық тыңдаулар басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара мемлекеттік органдар өкілдерінің, сарапшылардың, қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындарының қатысуымен ашық жиналыс форматында өтіп жатыр.

Тыңдауларда Бас жоспарды түзету жобасына жүргізілген стратегиялық экологиялық бағалаудың нәтижелері қарастырылуда. Бұл құжат Астананың алдағы жылдардағы даму бағытын, жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандардың қай жерде салынатынын, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылданатынын айқындайды.

Бас жоспарды түзету аясында өнеркәсіп, логистика, әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылым салаларында 130-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Басым бағыттар қатарында қолайлы қалалық ортаны дамыту, мектептер мен балабақшалар желісін салу және кеңейту, денсаулық сақтау мен спорт нысандарын тұрғызу, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бар.

Тыңдаулардың жеке бір бөлігі экология мәселесіне арналған. Стратегиялық экологиялық бағалау аясында жоспарланып отырған нысандардың ауа мен су сапасына, жасыл аймақтардың жағдайына және халық денсаулығына ықтимал әсері талданады. Сонымен қатар қаланың одан әрі өсуі жағдайында экологиялық тәуекелдерді азайту және табиғи тепе-теңдікті сақтау шаралары қарастырылады.

Қоғамдық тыңдаулар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес өткізіліп, қала құрылысы шешімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған.