ДСМ: Былтыр 400-ге жуық жеке медициналық ұйым қызметін тоқтатты
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жеке медициналық ұйымдарды тексеруді күшейтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы жүргізілген кешенді тексерудің қорытындысы бойынша 400-ге жуық денсаулық сақтау субъектісі қызметін тоқтатқан, оларға қатысты 500-ден астам әкімшілік жаза қолданылған, 70 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
«Қадағалау барсында алғаш рет медициналық ұйымдардың қызметін уақытша тоқтата тұру, лицензиясыз және біліктілік талаптарына сәйкес келмеген медицина қызметкерлерін шеттету қолданылған», делінген хабарламада.
Жеке емдеу бөлмелеріне, наркологиялық оңалту орталықтарына және стоматологиялық клиникаларға назар аударылды. Кешенді тексеру барысында 1 900-ден астам жеке рәсімдік кабинет анықталып, оның ішінде 406 нысан медициналық қызметті лицензиясыз жүзеге асырғаны белгілі болды. Оның 247-і өз еркімен қызметін тоқтатты. 14 жеке наркологиялық және оңалту орталығында лицензия болмаған. Тексерілген 313 стоматологиялық клиниканың 143-сінің жұмысы тоқтатылған.
Ең жиі кездесетін кемшілік:
лицензиясыз қызмет - 3,9 млн теңгеге 179 хаттама толтырылды;
фармацевтикалық қызмет қағидасын бұзуға қатысы 19,5 млн теңгенің 85 хаттамасы толтырылды.
Сондай-ақ біліктілік талабына сәйкес келмеу (82 хаттама), медициналық көмек стандартын өрескел бұзу (73 хаттама) және тіркелмеген дәрі-дәрмектер пен медициналық бұйымдарды қолдану (16 хаттама) анықталды.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа Конституция жобасы талқыланды.