Конституция жобасы елдің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық қадам - Айтуар Қошмамбетов

Бүгін, 11:52
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Конституция жобасы елдің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық қадам - Айтуар Қошмамбетов
Фото: Айтуар Қошмамбетов/Instagram

Бүгін Конституциялық реформаны талқылай отырып, біз еліміздегі ең ауқымды саяси жаңғырудың тікелей қатысушылары болып отырмыз. Бұл үдеріс - Мемлекет басшысының саяси ерік-жігері мен қоғамның мемлекеттік институттарды жаңартуға деген пісіп-жетілген сұранысының нәтижесі. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Мәжіліс отырысында жаңа Конституцияның экономикалық әсері туралы осылай деп баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Respublica фракциясы – бизнес, жастар және өңірлер мүддесін білдіретін саяси күш ретінде, мықты институттарды, болжамды ережелерді, жеке меншік құқығын және кәсіпкерлік еркіндігін дәйекті түрде қолдайды. Осы тұрғыдан біз жаңа Конституция жобасын елдің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық қадам деп бағалаймыз», - деген ол бұдан әрі практикалық мәні бар негізгі бағыттарға тоқталды.

1) Жеке меншік – экономикалық сенімнің тірегі

Жеке меншік институты кәсіпкерліктің де, экономикалық өсімнің де негізі болып қала береді.

Жаңа Конституция жобасы оны қорғау қағидатын сақтай отырып, құқықтық айқындықты күшейтеді. Бұл бизнеске, азаматтарға және сот жүйесіне ортақ әрі түсінікті бағдар береді.

Әлемде ESG-қағидаттары инвестициялық стандартқа айналып келеді. Инвестиция тартуда табысты елдерде меншік иесінің әлеуметтік жауапкершілігі мен экологиялық басымдықтар әлдеқашан құқықтық тепе-теңдік құралы ретінде жұмыс істеп отыр. Қазақстан үшін бұл инвестициялық сенімді арттыратын маңызды фактор бола алады.

2) Алатау сити – экономикалық серпіліс нүктесі

Институционалдық жаңғырудың жалғасы ретінде аумақтарды дамытудың арнайы құқықтық режимдері ұсынылуда. Қазақстан бүгінде инвестициялар мен технологиялар үшін жаһандық бәсекеде тұр, ал бұл бәсекеде шешуші рөлді бизнес жүргізу шарттары атқарады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы осы тәсілдің тиімді екенін көрсетті. Ерекше юрисдикция мен халықаралық арбитраждың арқасында ел экономикасына 20 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.

Алатау сити жобасы осы тәжірибені жаңа деңгейге көтереді. Бұл болашақ салаларға арналған кешенді орта. Пилотсыз көлік пен авиация, робототехника мен дрондар, цифрлық активтер мен финтех сияқты бағыттар ұзақ мерзімді құқықтық тұрақтылықты талап етеді. Мұндай тұрақтылық Конституциялық деңгейде ғана қамтамасыз етіледі.

Respublica партиясы технологиялық дамуды, соның ішінде цифрлық активтерді реттеу бастамаларын жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл бағыттағы ұсыныстар Мемлекет басшысының қолдауына ие болды.

Егер біз инновациялар мен серпінді технологияларды дамытқымыз келсе, Дубай, Шэньчжень және Сондо жасағандай батыл әрі басқарылатын шешімдер қабылдауға тиіспіз.

3) Халықаралық шарттар – құқықтық жетілу кезеңі

1995 жылдан бері қолданылып келген халықаралық шарттардың басымдығы өтпелі кезеңнің міндеттеріне сай болды. Ол әлемдік құқықтық кеңістікке кірігудің құралы қызметін атқарды.

Халықаралық құқықтың негізгі қағидаты өзгермейді. Міндеттемелер адал орындалуы тиіс. Ал оларды іске асыру тетігін әр мемлекет өзінің конституциялық жүйесі арқылы айқындайды.

Жаңа Конституция жобасы осы тұрғыдан неғұрлым теңгерімді әрі басқарылатын модель ұсынады. Халықаралық шарттардың қолданылуын ұлттық заңнама арқылы реттеу сот тәжірибесінің бірізділігін арттырып, мемлекеттің жауапкершілігін күшейтеді.

4) Цифрлық дәуірдегі құқықтарды қорғау.

Цифрлық технологиялар азаматтардың да, бизнестің де күнделікті өміріне толық енді. Осы жағдайда дербес деректерді және жеке өмірді қорғау Конституциялық деңгейде бекітілуі қажет.

Соңғы жылдары Қазақстанда киберқылмыстардан келген тікелей қаржылық шығын жүздеген миллиард теңгеге жетті. Бұл шығындардың едәуір бөлігі дербес деректердің заңсыз пайдаланылуымен байланысты.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, цифрлық құқықтарды Конституцияда бекіту технологияны тежемейді. Керісінше, сенімді арттырып, инновациялардың орнықты дамуына жол ашады.

«Бұл өзгерістердің барлығын біріктіретін ортақ мақсат бар. Ол – институттарды нығайту, сенім қалыптастыру және ұзақ мерзімді экономикалық өсімге жағдай жасау.

Бұл – іскерлік орта күтетін, ал азаматтар жаңа жұмыс орындары мен өмір сапасының артуы арқылы сезінетін бағыт.

Respublica партиясы осы реформаны қолдай отырып, заманауи, бәсекеге қабілетті әрі серпінді Қазақстанның пайдасына саналы таңдау жасайды», - деп сөзін аяқтады депутат.