«Таза Қазақстан» жаңа Конституция жобасындағы негізгі қағидаттардың біріне айналды

Бүгін, 15:11
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан» жаңа Конституция жобасындағы негізгі қағидаттардың біріне айналды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда экологиялық ойлау принциптері жоғары білім беру жүйесіне белсенді түрде енгізілуде. Жастарға экологиялық білім беру жобалары адами капиталды дамытудың іргетасына айналады және жаңа Конституцияның жобасында көрініс тапты. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде студенттер бастамалары іске қосылды: өңірлік экологиялық клубтар құрылып, жұмыс істейді, жастар еріктілер қозғалыстары мен экологиялық науқандарға белсенді қатысуда, экологиялық ең таза орындарды анықтау бойынша байқаулар өткізіледі.

«Бүгінде «Таза Қазақстан» жаңа Конституция жобасындағы негізгі қағидаттардың біріне айнеалғанын атап өту маңызды. Осы орайда, жауапкершіліктің жүгі жоғары білім мен ғылым жүйесіне де жүктеледі, өйткені Конституция жобасының арқауы – адами капиталды дамыту. Тиісінше, білім, ғылым, инновация және мәдениет салаларының да дамуын қамтиды», - деп атап өтті вице-министр.

Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова экологиялық ағарту мен табиғатты қорғау қағидаттары жаңа Конституцияда нақты бекітілгенін айтқан болатын.