Сарыағашта «Кавендиш» банан сұрпы мол өнім беріп жатыр
Сарыағаш ауданындағы жергілікті кәсіпкердің жылыжайында өсірілетін «Кавендиш» банан сұрпы қазіргі таңда мол өнім беріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтамақ елдімекенінде бүгінде әлемдегі ең танымал банан сұрпы – «Кавендиш» мәуізі пісіп-жетіліп тұр.
Экзотикалық жеміс егілген жылыжай аумағы 10 соттық. Банан көшеттерін жергілікті кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев 2019 жылы Түркиядан арнайы алдырып, Сарыағаш өңірінің табиғи ерекшелігіне бейімдеген.
Шамс Тұрсынбаев жылыжай шаруашылығымен 1995 жылдан бері айналысып келеді. Ұзақ жылдар бойы қызанақ, қияр секілді көкөніс өнімін өндіріп келген кәсіпкер 2019 жылдан бастап тропикалық жемістерді өсіруге басымдық берген.

Алғашқы кезеңде банан өсімдігі бірден жерсіне қоймағанымен, жүйелі күтім мен қолайлы жағдайдың нәтижесінде бүгінде толықтай бейімделген. Жапырақтарының биіктігі 3 метрге, ал сабағының биіктігі 10 метрге дейін жететін «Кавендиш» банан сұрпы қазіргі таңда мол өнім беріп отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастамадағы басты мақсат – «шыбық ексең, шынар өсетін» Сарыағаш топырағының кез келген өнімге қолайлы екенін дәлелдеу және агроөнеркәсіп саласын дамыту.

Айта кетсек, жылыжайда бананнан бөлек папайя, лимон, апельсин, мандарин, кофе және питайя секілді экзотикалық жемістерді жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өсімдіктер жылыжай жағдайында өсірілгендіктен, оларға қажетті температура мен ылғалдылық тұрақты түрде сақталады. Соның нәтижесінде алынған өнім экологиялық таза әрі сапалы.
Бұған дейін Алматы облысында лимон өсіретін жаңа жылыжай іске қосылғанын жазған едік.